
Жылыой ауданында кәріз суы станциясы жоқ. Құрылысы басталғанымен аяқсыз қалған. Бірнеше рет жоба жасақталғанымен сәтсіз аяқталды. Айналғанда сарқынды сулар мал жайылымдығын бүлдіріп, көлге айналдырған.
Аудандағы Құлсары қаласы мен Жаңа Қаратон кентіндегі жағдайды "АЖ" бірнеше рет сынап жазды.
«Бұл қашанға дейін жалғасады, малды сойғанда ішек-қарны жарамсыз болып шіріп кеткен. Адам саулығына кері әсер беретінін жергілікті билік неге ескермейді», - дейді тұрғындар.
Жергілікті тұрғындар сасық суды мал ішіп жатқанына бірнеше рет шағымданғанымен нәтиже жоқ. Ал Атырау экология Департаменті миллиондап айыппұл салумен шектеліп келеді.

Бүгінде Жаңа Қаратон кентінің кәріз су булану алаңы демеушілік негізде қоршалды.
Ал Құлсары қаласынан 11 шақырым жердегі булану алаңы далалықта ашық-шашық күйде жатыр.
Жылыой аудандық әкімшілігі Жаңа Қаратон кентіне қуаттылығы тәулігіне 1500 текше метр (м3) болатын кәріз тазалау станциясы құрылысы басталғанын хабарлады.
Ал Құлсары қаласына қуаты тәулігіне 10000 м3 болатын кәріз тазалау станциясының құрылысы үшін "Инженер К" ЖШС-мен келісім шарт жасақтаған. Жобалау жұмысы қыркүйек айында аяқталып, мемлекттік сараптамадан өту кезеңін күтіп отыр.
Ал ол қайта жобаланып жатқанда, қаланың кәріз сулары бұрынғысынша далаға, жайылымдық жерлерге жиналып жатыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +38.9