Атырау, 7 тамыз 16:30
 дождьВ Атырау +32.3
$ 467.48
€ 539.52
₽ 5.73

Нью-Мексико соты​: Meta балалардың психикасына зиян келтіргені үшін 567 млн доллар төлеуі тиіс

90 рет қаралды

Нью-Мексико штатындағы сот Meta компаниясын балалар мен жасөспірімдерге Facebook пен Instagram платформалары арқылы келтірілген зиян үшін 567 млн доллар көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды BBC.

Бұл сома наурыз айында алқабилер белгілеген 375 млн долларлық айыппұлға қосымша ретінде тағайындалды.

Қтемақының негізгі бөлігі – 420 млн доллар – зардап шеккен жастарға көмек көрсету бағдарламаларына бағытталады. Қалған қаражат мұғалімдер мен медицина қызметкерлерін әлеуметтік желілердің жасөспірімдерге зиянды әсерімен күресуге үйретуге жұмсалады.

Судья Брайан Бидсхейд Meta компаниясына кәмелетке толмағандар үшін қосымша шектеулер енгізуді міндеттеді. Мысалы, «лайктардың» санын жасыру, түнде және сабақ уақытында push-хабарламалар жібермеу, сондай-ақ алгоритмдердің ересек қолданушыларға балалардың аккаунттарын ұсынбауын қамтамасыз ету.

Судья шешімінде: «Зауыттар қоршаған ортаны ластап, адамның таза ауаға құқығын бұзуы мүмкін. Сол сияқты Meta платформаларының балаларға тигізетін зияны тек платформаның ішінде қалмайды. Бұл зиян интернетке шығып, ең бастысы – нақты өмірге әсер етеді», – деп жазды.

Нью-Мексико бас прокуроры Рауль Торрес: «Бүгінгі сот шешімі – әлеуметтік желілердің балаларға әсеріне алаңдаған әрбір ата-ана үшін жеңіс. Әрбір бала қауіпсіз интернет кеңістігінде өсуге лайық», – деді.

Meta шешімді апелляцияға беруді жоспарлап отыр. Компания өкілдері: «Біз платформаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз. Зиянды материалдар мен заң бұзушыларды анықтау және жоюдағы қиындықтар туралы ашық айтамыз», – деп мәлімдеді.

Сонымен қатар Meta: «Жасөспірімдердің онлайн қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қабілетті екенімізге сенімдіміз және фактілерді бұрмалайтын айыптауларға қарсы күресті жалғастырамыз», – деп қосты.

Бұл іс 2023 жылы басталған. Прокурорлар Meta-ны Нью-Мексико заңын бірнеше рет бұзды деп айыптады, себебі әлеуметтік желілердің алгоритмдері жас қолданушыларды зиянды контентке бағыттаған. Сол кезде алқабилер компанияға ең жоғарғы айыппұл – 375 млн доллар салған еді.

Нью-Мексико ісі жалғыз емес. АҚШ-тың ондаған штаты Meta-ға қарсы федералдық сотқа талап-арыз түсірді, тағы сегіз штат өз соттарына жүгінді. Федералдық істі Калифорния соты тамыз айында қарай бастайды.

Жеке тұлғалар да ірі әлеуметтік желілерге қарсы шағым түсіруде. 2026 жылдың наурызында Лос-Анджелес соты Meta мен Google компанияларын 20 жастағы қызға 6 млн доллар төлеуге міндеттеді. Ол платформалар депрессия мен суицидтік ойларға себеп болды деп мәлімдеген.

Бүгін, 15:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.