
Семейде бұрынғы әйелін бейсбол битасымен аяусыз ұрып өлтірген ер адамға сот үкімі шықты. Ол 12 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды КТК.
Сонымен бірге судья қаскөйді жәбірленуші тарапқа 10 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді. Марқұм Айжан Баяхметованың артында қалған екі баласы нағашыларының қамқорына берілуі мүмкін.
Қайғылы оқиға биыл сәуірде болған. Мас күйінде қызғаныштан бұрынғы әйеліне тұтқиылдан шабуыл жасаған ер адам оны ағаш битамен 27 рет ұрған. Сараптама қорытындысында әйелдің басы мен денесіне ауыр соққылар жасалғаны анықталды. Соның салдарынан 52 жастағы Айжан Баяхметова оқиға орнында тілге келместен көз жұмды.
Марқұмның туыстары сотта ер адамның жылдар бойы әйеліне зорлық-зомбылық көрсеткенін, ажырасқаннан кейін де қызғаныштан тыныштық бермегенін айтты. Екі бала анасыз қалды.
Сот процесінде айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді. Абай облысы сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, ол ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар Семей қаласының қорғаншы және қамқоршы органына сотталғанның кәмелетке толмаған екі баласына ресми қамқорлық орнату мәселесін шешу тапсырылды.
Марқұмның туысы Жанна Нұрғазинова: «Балаларына қатысты сот үкім шығарды. Құжаттарын тез жинау үшін нақты шешім қабылданды. Біз енді қамқорлыққа алу жұмысын жүргіземіз», — деді.
Осылайша, қатыгездікпен қылмыс жасаған ер адам өмірінің 12 жылын түрмеде өткізетін болды. Ал екі балаға қатысты қамқорлық мәселесін арнайы органдар шешеді.
В Атырау +32.3