
Атырауда полиция «Асылым Kids» жеке балабақшасында бір жасар балаға қатысты жасалған қатыгездік дерегін тергеп жатыр.
Анасының айтуынша, ол ұлының денесінен тәрбиешілердің қатыгез әрекеттерінен ғана пайда болуы мүмкін іздерді байқаған. Бейнебақылау камераларындағы жазбалар оның бұл күдігін растады. Келіншек видеодағы сұмдықты көргеннен кейін полицияға арыздануға мәжбүр болғанын айтады.
Атырау облыстық полиция департаменті бұл факті бойынша кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тергеу оқиғаға қатысы бар деп есептейтін тұлғалардың барлығы полиция бөліміне жеткізілді. Қазір тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, басқа мәліметтер жария етілмейді.
Қалалық білім бөлімі «Асылым Kids» балабақшасы жекеменшік екенін және мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жұмыс істемейтінін нақтылады.
Оқиғаның мән-жайы тергеу амалдарымен анықталып жатыр.
Айгүл МАНСҰРОВА
В Атырау +34