
Атырау облысында жыл басынан бері 21,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде 20,4 мың гектары – жайылым, 0,2 мың гектары – егістік, ал 0,7 мың гектары басқа мақсаттағы ауыл шаруашылығы жерлері.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламат мәлімдеді. Оның айтуынша, жер бос жатпай, халық игілігіне жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан пайдаланылмай жатқан немесе заң талаптарына сай игерілмеген жерлер мемлекетке қайтарылып жатыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Сонымен қатар биыл конкурс арқылы ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін азаматтарға 13,2 мың гектарды қамтитын 36 жер учаскесі берілді. Ал аукцион нәтижесінде жалпы көлемі 27,7 гектар болатын 38 жер учаскесі табысталды.
Аймақта жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегінде 184 мыңнан астам адам тұр. Жыл басынан бері осы мақсатта 104 жер учаскесі берілген.
В Атырау +29