
Қазақстан шілде айында мұнай, газ конденсаты және газ өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты 700 миллион доллардан астам кірістен қағылған болуы мүмкін.
Бұл жөнінде мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байдильдинов мәлімдеді.
Reuters дерегіне сәйкес, шілде айында мұнай мен газ конденсаты өндірісі маусыммен салыстырғанда 14%-ға азайған. Агенттік мұны Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалдаудың бірнеше рет тоқтап қалуымен байланыстырады. Новороссийск маңындағы теңіз терминалында дрон шабуылдарына байланысты танкерлердің жұмысы жиі тоқтаған.
Байдильдиновтің айтуынша, шілде айында шамамен 7,6 млн тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілген, ал маусымда бұл көрсеткіш 8,6 млн тонна болған. Кей күндері өндіріс көлемі екі есеге дейін қысқарған. Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне 87 доллар болғанын ескерсек, өндірілмеген бір миллион тонна көмірсутектің құны кемінде 635 млн долларды құрайды. Газ өндірудің төмендеуін қосқанда жалпы шығын 700 млн доллардан асады.
Бұл – нақты бюджет шығыны емес, өндірілмеген көмірсутектердің бағасы бойынша жасалған есеп.
Тамыз айының басында да тасымалдаудағы тұрақсыздық жалғасқан. Кейбір танкер иелері Қара теңізге және Ресей порттарына кіруді шектеген. Соның салдарынан CPC Blend маркалы қазақстандық мұнай Brent бағасынан барреліне 4 долларға арзан ұсынылған.
Альтернативті бағыттар шектеулі болғандықтан, «Теңізшевройл» тамызда шамамен 100 мың тонна мұнайды теміржол арқылы Грузияның Батуми портына жөнелтуді жоспарлап отыр.
Қазақстан мұнайының 80%-дан астамы Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталады. Энергетика министрлігі құбыр жүйесінің толық тоқтауы қарастырылмайтынын мәлімдеген.
В Атырау +29