
Қуандық Бишімбаевтың отбасы соңғы екі жылда Назым Қаһарманға қарсы төртінші рет сотқа шағым түсіріп отыр. Бұл жолы бұрынғы енесі экс-келінінен 25 миллион теңге талап етуде.
Назым Қаһарманның айтуынша, бұл қаржылық талап-арыз екінші баласы дүниеге келгеннен кейін өз басқаруында болған фитнес-клуб бизнеске қатысты. Сол кезде бизнес мүлкі енесінің атына рәсімделген болып шыққан.
«Кезінде бұрынғы енемді керемет адам деп санап, жолым болды деп ойлайтынмын. Қазір сенімгерлік басқару шарты тұзаққа айналғанын түсіндім. Егер бизнес күйеуіңіздің туыстарына рәсімделсе, түбінде олар сот арқылы ақша талап етуі мүмкін екен. Бұрынғы күйеуіңізбен баяғыда ажырасып, ол тарауды жапсаңыз да, енеңіз сізді ешқашан ұмытпауы мүмкін», — деді ол.
«Бұл — өш алуға ұмтылу»
Назым Қаһарман соңғы екі жылда өзіне қарсы төрт арыз түскенін, ал өзі сотқа тек бір-ақ рет (ата-аналық құқықтан айыру бойынша) жүгінгенін жеткізді. Оның пікірінше, бұрынғы қайын журт бұл некеден кезінде өзі кетіп қалғаны үшін өш алып жатыр.
«Олардың түсінігінде барлық нәрсеге мен айыпты сияқтымын: ажырасқаныма да, өз пікірімді айтқаныма да, балалардың туыстарымен араласқысы келмейтініне де. Бұл миллиондарды талап ету арқылы енеме өз немерелерінен ақша тартып алып жатқандай көрінеді. Бұл — балаларға төнетін салдарға қарамастан, бұрынғы келіннен өш алуға ұмтылу», — дейді Назым.
Сөз соңында Назым Қаһарман сот процестері мұнымен аяқталмайтынын, енді өзі де төленбей жатқан алиментті өндіріп алу бойынша сотқа шағым түсіруді жоспарлап отырғанын айтты.
В Атырау +29