Атырау, 5 тамыз 10:58
 дождьВ Атырау +25.9
$ 471.98
€ 543.39
₽ 5.82

"Шәйтанның азаншысы": тойда тілек айтқан азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды

54 рет қаралды

Жетісай ауданындағы тойда діни және әлеуметтік алауыздық қоздыру белгілері бар мәлімдеме жасаған 66 жастағы тұрғынға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.

Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желіге жүргізілген мониторинг кезінде Атырау мен басқа да өңір қолданушылары арасында қызу талқыланған бейнежазбаны анықтаған.

ІІМ Конституцияда көрсетілгендей, әрбір азаматтың жынысына, тегіне, әлеуметтік жағдайына немесе діни көзқарасына қарамастан тең құқылы екенін еске салды.

«Адамның ар-намысын қорлауға, діни немесе әлеуметтік кемсітуге бағытталған кез келген жария үндеуге, сондай-ақ қоғамдық келісімге нұқсан келтіретін әрекеттерге жол берілмейді. Сөз бостандығы жауапкершіліктен босатпайды. Заң бұзушылық белгілері бар кез келген мәлімдемеге принципиалды құқықтық баға беріледі», — деп хабарлады ведомство.

Желіде тараған бейнежазба Жетісайда өткен тойлардың бірінде түсірілген. Онда қалыңдықтың 66 жастағы туысы өнерпаздарға және тойда ерлер мен әйелдердің бірге отыруына қарсы екенін айтып, даулы пікір білдірген:

«Біріншіден, музыкадан арылу керек. Екіншіден, ерлер мен әйелдер бөлек отыруы тиіс. Әншілер маған ренжімесін. Егер тойлар өнерпаздарсыз өтсе, олар жұлдыз болудан қалып, танымалдылығынан айырылады. Шариғатта оларды "шайтанның азаншысы" деп атайды», — деген ол өз сөзінде.

Қазнет қолданушылары арасында бұл сөз үлкен резонанс тудырып, полицияның араласуына себеп болды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.

Бүгін, 10:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.