
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов орталық теміржол вокзалындағы қайта жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді. Ол мердігер компаниядан құрылыс қарқынын арттыруды талап етті.
Вокзалдың жалпы аумағы — 3 750 шаршы метр. Жобаға ғимаратпен қатар бірінші және екінші жолаушылар платформаларын толық реконструкциялау кіреді. «Батыс Альянс Строй» ЖШС өкілінің айтуынша, жұмыстар наурызда басталып, бүгінде демонтаж аяқталған. Қазір бетондау, ішкі әрлеу және безендіру жүргізілуде.
Дайындық деңгейі — 55%. 1972 жылы салынған вокзалдың іргетасы мен темірбетон конструкцияларын күшейтуге ерекше назар аударылуда. Жаңа нысанның басты ерекшелігі — қосымша ғимараттың салынуы. Бұрынғы өткізу қабілеті 500 адам болса, жаңғыртудан кейін ол 2500–3000 адамға дейін артады. Эскалаторлар мен жеделсатыларға тапсырыс берілген.
Әкім жұмысты екі ауысымда ұйымдастыруды, жұмысшылар санын көбейтуді және қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды. Қазан — соңғы мерзім. Ол жабындардың беріктігіне, электр және желдету жүйелеріне ерекше көңіл бөлуді ескертті.
Облыста теміржол инфрақұрылымын жаңарту аясында тоғыз нысан қамтылған бағдарлама жүзеге асуда. Бүгінде бесеуінде жұмыс толық аяқталды, қалған төртеуінде құрылыс жалғасып жатыр.
В Атырау +32.9 













