Атырау, 3 тамыз 16:50
 дождьВ Атырау +32.3
$ 473.59
€ 544.68
₽ 5.94

Тоқаев Астанада өткен ЖИ бойынша халықаралық олимпиада қатысушыларына сәттілік тіледі

44 рет қаралды

Сурет: Ақорда
Сурет: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Бұл туралы ол Астанада өткен ІІІ Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасының ашылуында айтты.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының электронды үкіметті дамыту индексінде 193 мемлекеттің арасынан 24-орын алады. Жаңа технологияларды енгізуге әзірлік деңгейі бойынша еліміз Орталық Азияда көш бастап тұр.

"Біз бірыңғай инновациялық экожүйе құрып жатырмыз. Мұнда жасанды интеллект мемлекетті, экономиканы, бизнесті басқарудың маңызды тетігі ретінде қоғам өмірінің барлық саласына дендеп енеді", - деп мәлімдеді Тоқаев.  

Президент 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағанын еске салды. Бұдан бөлек, инновацияға иек артатын ел дамуының негізгі бағыттары 1 шілдеде күшіне енген Қазақстанның жаңа Конституциясында анық көрсетілген. 

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз сапалы білімге, дарынды балаларды жан-жақты қолдауға баса назар аударатынын айтты. Былтыр Бейжіңде өткен Жасанды интеллект бойынша олимпиададан Қазақстан оқушылары үш алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды. 

Президент бұл олимпиада жасанды интеллектіні зерттеуші жастардың халықаралық қауымдастығының дамуына үлкен серпін беретініне сенім білдірді.

– Білім қай заманда да халықты біріктіріп, адамзатты өркениеттің шыңына жетеледі. Сіздердің қарым-қабілеттеріңіз медицина, білім, экология және басқа да өте маңызды салалардағы тың шешімдерге негіз бола алады. Дәл осы олимпиадада әлемді өзгертетін жаңа идеялар мен жобалар дүниеге келуі мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.


Бүгін, 15:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.