Атырау, 3 тамыз 10:51
 дождьВ Атырау +22.1
$ 473.59
€ 544.68
₽ 5.94

​Жалған медициналық қызмет үшін Қазақстанға миллиардтаған шығын келтірілді

48 рет қаралды
ЖИ көмегімен жасалған сурет
ЖИ көмегімен жасалған сурет

Шамамен 140 мың азаматты медициналық ұйымдарға жалған тіркеу және көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы жалған мәлімет енгізу арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу схемалары анықталды.

Осы деректер бойынша 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын 3,5 млрд теңгеден асады, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.

Мәселен, Түркістан облысында Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізілуде. Тергеу мәліметіне сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында бөлінген қаражат іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпеген әрі тауар жеткізбеген 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшоттарына аударылған.

ҚМА мәліметі бойынша, кәсіпкерлер медициналық мекемемен ешқандай шарт жасаспаған. Ал олардың деректемелері ақшаны заңсыз шығарып, кейін қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылған. тМемлекетке келтірілген шығын 501 млн теңгеден асты. Екі күдікті қамауға алынды.

Астанада «Forte Clinic» ЖШС жеке клиникасының басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу схемасын ұйымдастырғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның сыбайласы – Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қызметкері азаматтарды тіркеуге қатысты өтінімдерді заңсыз мақұлдағаны үшін 3 жылға сотталды.

Ведомство мәліметі бойынша, қылмыстық схема нәтижесінде клиникаға 15 мыңнан астам азамат заңсыз тіркелген. Сонымен қатар «Damu Med» ақпараттық жүйесі арқылы 79 млн теңгенің жалған медициналық қызметі рәсімделген.

Тағы бір схема Алматы облысында анықталды. «Mydental.kz» ЖШС мен «Стоматология Dr. Nurzhanova» ЖШС клиникаларының басшысы стоматологиялық қызмет көрсету кезінде алаяқтық жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тергеу нәтижесінде жалған медициналық қызмет көрсетудің 4,5 мыңнан астам дерегі анықталып, мемлекетке 66 млн теңге шығын келтірілген. Шын мәнінде пациенттерге ешқандай қызмет көрсетілмеген. Ал құжаттарды рәсімдеу үшін дәрігерлердің тіркелгі жазбалары мен кәмелетке толмаған пациенттердің жеке деректері пайдаланылған.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр деп хабарлады агенттік мамандары. 

Бүгін, 10:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.