
Батыс Қазақстан облысында Жайық өзені арқылы өтетін жаңа автокөлік көпірін салу жоспарланып отыр.
Көпір «Ақтөбе — Орал — Ресей Федерациясының шекарасы» халықаралық маңызы бар автомобиль жолында бой көтереді.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске асырылып жатыр. Жаңа көпір техникалық тексеру қорытындысы бойынша апатты деп танылған қолданыстағы көпірдің жанына салынады. Жобаны іске асыру жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, өңірдің жол желісіндегі ең қарқынды учаскелердің бірінде көлік қатынасының сенімділігін қамтамасыз етеді.
Жоба аясында ұзындығы 8 шақырым болатын автомобиль жолын, сондай-ақ заманауи монолитті екі көпірді салу көзделген. Оның ішінде арналық көпірдің ұзындығы – 513 метр, өзен жайылмасындағы көпірдің ұзындығы – 1710 метр.
Заманауи инженерлік шешімдер мен технологияларды қолдану көлік инфрақұрылымының сенімділігін едәуір арттыруға, жол учаскесінің өткізу қабілетін ұлғайтуға және нысанның ұзақ мерзімді әрі қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті министрлік.
Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, уәкілетті мемлекеттік органдармен келісілген.
Жобамен танысу қорытындысы бойынша Көлік министрлігінің басшылығы мемлекеттік сараптамадан өту рәсімдерін жеделдетуді, құрылыс жұмыстарын қаржыландыру көздерін қысқа мерзімде айқындауды, сондай-ақ жобаны іске асырудың барлық кезеңінде құрылыс сапасына қатаң бақылау жүргізуді тапсырды.
В Атырау +22.1