
Облыс әкімі Болат Ақшолақов Атыраудағы қалалық ортаны кешенді дамытуға арналған жиын өткізді.
Басқосуға еліміздің жетекші урбанистері қатысып, абаттандырудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру, дизайн-код енгізу, қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру және «Ерік Мостовой» арнасын жаңғырту мәселелері талқыланды.
Жиында арнаны қайта құру тұжырымдамасы таныстырылды. Жоба аясында жаңа инженерлік желілер, кәріз жүйесі мен суару құбырлары салынып, 36 гектардан астам аумақ абаттандырылмақ. Арнаның түбіне коммуникациялар жүргізіліп, айналасында заманауи қоғамдық кеңістіктер, жаяу және велосипед жолдары, көше жарығы мен демалыс аймақтары жасалады. Жоспарланған мерзім – бір жарым жыл.
«Ерік Мостовой» арнасы бастапқыда Жайық өзенінің тасқын суын бұру үшін салынғанымен, кейіннен тұрмыстық қалдықтар жиналатын орынға айналып, экологиялық жағдайға кері әсер еткен. Жаңа жоба бұл аумақты абаттандырып қана қоймай, коммуналдық мәселелерді шешуге де ықпал етпек. Жерасты суларының деңгейі төмендеп, орталықтандырылған кәріз жүйесіне жеке сектордағы үйлердің басым бөлігі қосылады.
Кеңес барысында қалалық ортаны дамытудың бірыңғай тұжырымдамасы мен дизайн-кодын әзірлеу қажеттілігі айтылды. Урбанистер Атыраудың сәулеттік келбетін жаңғыртуға, көгалдандыру жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстар берді.
Жиын соңында облыс әкімі жауапты органдарға урбанистермен бірлесіп, абаттандыру мен көгалдандыру тұжырымдамасын, сондай-ақ «Ерік Мостовой» арнасын дамыту жоспарын нақтылауды тапсырды. Ол игерілмей жатқан аумақтарды заң аясында мемлекетке қайтарып, қаланың бірыңғай сәулеттік бейнесін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Бұл бастама Жайық жағалауын, арнаны және Дендропаркті біріктіріп, ұзындығы 40 шақырымға жуық бірыңғай қоғамдық кеңістік құруды көздейді. Жаңа инфрақұрылым тұрғындарға серуендеуге, спортпен айналысуға және бос уақытын жайлы өткізуге мүмкіндік бермек.
В Атырау +28.5 







