Атырау, 31 шілде 17:45
 дождьВ Атырау +30.7
$ 474.63
€ 544.50
₽ 5.92

ҚМГ мен CNPC Кеңқияқ — Атырау бағыты бойынша мұнай жеткізуді ұлғайтуды көздеп отыр

59 рет қаралды
Сурет: "Қазмұнайгаз" ҰК" АҚ
Сурет: "Қазмұнайгаз" ҰК" АҚ

«ҚазМұнайГаз» бен CNPC негізгі мұнай-газ жобалары бойынша ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады.

Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 2030 жылға қарай жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл жобаны Бейжіңдегі кездесуде «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен қытайлық CNPC корпорациясының президенті Чжоу Синьхуай талқылады.

Қазір МӨЗ-ді кеңейтудің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Технологиялық аудит, маркетингтік зерттеулер мен модельдеу аяқталып, лицензиарлар таңдалды. Күрделі шығындарды азайту үшін жобаның конфигурациясы оңтайландырылуда.

ҚМГ атап өткендей, зауытты кеңейту ішкі нарықтағы отынға деген өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға және Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізуі тиіс.

Тараптар сондай-ақ «Қазақстан — Қытай» мұнай құбырларын кеңейту мәселесін де сөз етті. ҚМГ мен CNPC техникалық-экономикалық негіздемені дайындауға кіріседі. Кенқияқ — Атырау мұнай құбырының өткізу қабілетін жылына 15 млн тоннаға, ал Кенқияқ — Құмкөл құбырын 20 млн тоннаға дейін жеткізу ұсынылып отыр.

Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты — Ақтөбе облысындағы Өріктау кен орнын игеру. Онда қазір жабдықтар сатып алынып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Шикі газды Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешенінде өңдеу жоспарланған.

Орталық Өріктаудың газ-конденсатты бөлігінің қоры 29,4 млрд текше метрге бағаланып отыр. Кен орны жыл сайын 1 млрд текше метрге дейін газ бере алады деп күтілуде.

Кездесуде «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының жұмысы да қаралды. 1 шілдедегі жағдай бойынша компания 3,012 млн тонна мұнай өндірген. Қазіргі уақытта кәсіпорын жиынтық геологиялық қоры 20 млн тоннадан асатын серіктес кен орындарын игерумен айналысуда.

Бұдан бөлек, ҚМГ CNPC тарапына қорлардың табиғи сарқылуына байланысты өндіріс төмендеп жатқан Қызылорда облысының кен орындарында геологиялық барлау жұмыстарының бірыңғай стратегиясын әзірлеуді ұсынды. Негізгі келешек жергілікті құрылымдарды қосымша барлаумен және бұрын анықталмаған кен орындарын іздеумен байланысты.

Бүгін, 15:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.