
Ақтөбе тұрғыны Нұрхан Қадырова Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінен Грекия түрмесінде екі жылға жуық отырған ұлына көмектесуді сұрайды.
Әйелдің айтуынша, 24 жастағы Рашид Кадиров 125 жылға бас бостандығынан айырылып, ірі көлемде айыппұл арқалаған, деп хабарлайды Ақтөбе Таймс.
Жігіттің анасы айтқандай, ұлы Instagram-нан Түркиядағы жұмыс туралы хабарландыруды көрген. Оған ұшақ билетін алып беріп, моторлы қайықпен туристерді серуендетуге байланысты табысты жұмыс уәде еткен.
Кейін белгілі болғандай, Рашидті Грекияға заңсыз мигранттарды тасымалдауға тартқан. Содан соң ол сонда ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Қадырова ұлының бұл тасымалды ұйымдастырмағанын, қайықтардың оған тиесілі еместігін және барлық әрекетті үйлестіруші басқарып отырғанын айтады. Ол жас жігітті қылмыстық схеманың қатысушылары жай ғана пайдаланып кетті деп есептейді.
Анасының айтуынша, сот процесі кезінде Рашидте аудармашы болмаған. Жас жігіт мазмұнын түсінбестен құжаттарға қол қойған көрінеді. Ал тағайындалған айыппұл сомасы, әйелдің сөзінше, біздің ақшаға шаққанда шамамен бір миллиард теңгені құрайды.
Отбасы онымен сирек байланысқа шығып, тамақ пен гигиеналық құралдарға ақша жіберіп отырады. Қазір, Қадырованың айтуынша, ұлы екінші сот отырысын күтуде.
«Ақтөбе Таймс» редакциясы ведомствоның бұл іс туралы хабардар екенін, ақтөбелікке консулдық көмек көрсетілген-көрсетілмегенін және оны елге қайтару мүмкіндігін анықтау үшін ҚР СІМ-не сауал жолдады. Ресми жауап әлі жарияланған жоқ.
Бұған дейін Ресейде де жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен челябинскілік Андрей Кайзер грек түрмесінен табылған еді. Жігіт байланысқа шығып, өзінің 125 жылға бас бостандығынан айырылғанын хабарлады, бұл туралы оның жақындары «Россия-1» арнасындағы «Малахов» бағдарламасында айтып берген болатын.
В Атырау +30.7