
Қазақстанда Каспий теңізінің түбі арқылы транскаспийлік талшықты-оптикалық байланыс желісін төсеу жобасы қарқынды жүріп жатыр.
Жобаны толық іске қосу 2026 жылдың соңына жоспарланған. Қазіргі кезеңде кабельді тасымалдау мен тиеудің теңіздегі практикалық жұмыстары жүргізілуде.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қажетті нормативтік және ұйымдастырушылық мәселелерді жедел шешіп, жабдықты әкетуге құқықтық негіз жасады. Бұл әкімшілік кідірістерді болдырмауға мүмкіндік берді.
2025 жылы теңіздік инженерлік ізденістер аяқталып, экологиялық рұқсат алынды. Қытайда арнайы брондалған кабель өндіріліп, сынақтан өтті. Кейін ол Құрық портына жеткізіліп, Бакуге тасымалданды. Қазір кабель кемедегі арнайы қоймаларға тиеліп, Ақтау бағытына жол тартты.
Жобаға су сыйымдылығы 20 мың тоннадан асатын қуатты кабель төсеуші кеме тартылды. Бортта «Қазақтелеком» және «Azertelecom Int.» мамандары бар 70 адам жұмыс істеп жатыр. Арнайы түйістіру бөлмесінде Қазақстан мен Әзербайжан бөліктерінің кабельдері сынақтан өткізілді.
Қолайлы ауа райы жағдайында су асты кабель төсеу жұмыстары 15–20 күн ішінде аяқталуы тиіс. Ал толық іске қосу мен жөндеу жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған.
Бұл жоба Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы цифрлық инфрақұрылымды нығайтып, аймақтық байланыс артериясын күшейтеді.
В Атырау +30.7