Атырау, 1 тамыз 00:37
 дождьВ Атырау +25.5
$ 473.59
€ 544.68
₽ 5.94

Атырау облысында шөлейтті жерлермен күресу үшін Қытай технологиясы​ қолданылмақ

Сурет
175 рет қаралды

Атырау облысында шөлейттенуге қарсы бірлескен жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Қытай Халық Республикасы Нинся-Хуэй автономиялық ауданынан келген делегациямен кездесіп, шөлейттенуге қарсы күрес және тозығы жеткен жерлерді қалпына келтіру бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыру перспективаларын талқылады.

Мемлекеттік органдар, ғылыми мекемелер мен бизнес өкілдерінен құралған делегацияны ҚХР Нинся-Хуэй автономиялық ауданының Орман және жайылым шаруашылығы басқармасы бас директорының орынбасары Ван Цзысинь бастап келді.

Олар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті базасында іске асырылған демонстрациялық жобаны таныстырды. Онда көшет өсіру, өсімдік түрлерін сынақтан өткізу мен бейімдеу, құрғақ жерлерді көгалдандыру жөніндегі заманауи технологиялар қамтылған.

Жобаның пилоттық алаңы ретінде Исатай ауданындағы Нарын құмдары аймағынан ауданы 30 гектарлық учаске ұсынылды. Алдағы уақытта Мақат ауданында 14,5 мың гектарға дейінгі аумақта бұдан да ауқымдырақ жобаны жүзеге асырудың мүмкіндігі қарастырылуда.

Болат Ақшолақов Атырау облысына қарасты аумақтың басым бөлігіне кұрғақ климаттық жағдайдың тән екенін, сондықтан да шөлейттенуге қарсы күрес және тозған жерлерді қалпына келтіру мәселесінің өзекті екенін атап өтті.

Аймақ басшысы облыста көшет өсіретін заманауи тәлімбақ ашу мүмкіндігін зерделеуді ұсынды. Ол болашақта елдің батыс өңірінің сұранысын толық қамтамасыз ете алуы тиіс. Болат Ақшолақовтың ойынша, жобаны ауыл шаруашылығының жылыжай кешендерімен қатар, сәндік өсімдіктер және гүл өсірумен толықтырған дұрыс.

Облыс әкімі инженерлік-техникалық мамандарды даярлау мәселесіне де жекелей тоқталды. Оның айтуынша, алдағы уақытта Атырау облысының тұрғындары арасынан сол тәлімбақта жұмыс істейтін технологтарды, инженерлерді және саланың басқа да мамандарын оқытуды қарастыру қажет.

“Бірлескен жұмыс тозығы жеткен жерлерді қалпына келтіруде іс жүзіндегі нәтижелерге қол жеткізуге, шөлейттенуге қарсы күрестің тиімділігін арттыруға және ұзақ мерзімді экологиялық ынтымақтастықтың негізін қалауға мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Әкімдік өз тарапынан бірлескен бастамаларды іске асыруға қажетті қолдау көрсетеді», — деп атап өтті Болат Ақшолақов.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастыққа ниет білдіріп, жобаны Атырау облысында жүзеге асыруға қатысты сұрақтарды пысықтауға уағдаласты.

Кеше, 09:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.