
Шетпе — Сайөтес жолындағы жол-көлік апатынан Атырау облысының тұрғыны оқиға орнында қаза тапты, оның төрт баласы түрлі жарақат алды, деп хабарлайды Lada.kz.
Жарақаттанғандардың екеуі ауруханада өте ауыр және аса ауыр жағдайда жатыр.
Жол апаты 28 шілдеде таңғы сағат 6:00 шамасында жолдың 252-шақырымында болған. Полицияның алдын ала болжамы бойынша, Chevrolet Cobalt тізгіндеген жүргізуші рульге ие бола алмай, көлік жолдан шығып кетіп, аударылған. Жүргізуші ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Апаттан ең ауыр зардап шеккен — 2011 жылы туған қызы. Оған ауыр бас ми жарақаты, ішкі органдардың зақымдануы және көптеген сүйек сынықтары диагнозы қойылған. Баланың жағдайы аса ауыр деп бағаланып отыр.
Телемедициналық консилиумнан кейін бойжеткенді санитарлық авиациямен облыстық балалар ауруханасына шұғыл жеткізу туралы шешім қабылданды. 35 минутқа созылған ұшу кезінде дәрігерлер қарқынды терапия жүргізіп, өмірлік маңызды көрсеткіштерді бақылауда ұстады. Дәрігерлердің айтуынша, баланы алда ұзақ әрі күрделі емдеу курсы күтіп тұр.
Ауруханада 2013 жылы туған тағы бір бала жатыр, оның бүйрегі соғылып, үлкен гематома пайда болған. Оның жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр.
Ал 2019 жылы туған балаға бас ми жарақаты, мидың шайқалуы, дене жарақаттары диагнозы қойылды. Дәрігерлер оны ауруханаға жатқызуды ұсынғанымен, анасы балалардың әкесін жерлеу үшін Атырауға баруы керектігін айтып, стационарлық емдеуден жазбаша түрде бас тартқан. Дәрігерлер әйелге бұл шешімнің салдары туралы ескертті.
Жағдайы тұрақты деп бағаланған 2021 жылы туған бала да анасымен бірге үйіне жіберілді.
Полиция қайғылы оқиғадан сәл бұрын патрульдік полицияның бұл көлікті тоқтатқанын хабарлады. Тәртіп сақшылары жүргізушімен профилактикалық әңгіме жүргізіп, демалу үшін тоқтауды қатаң ұсынған екен. Адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
В Атырау +31.1