
Алматы облысының прокуратурасы биылғы алты айда инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытында ауқымды жұмыс атқарды.
Құны 1,2 трлн теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асырып жатқан 28 инвестордың 30 проблемалық мәселесі шешілді. Бұл жобалар 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуды көздейді.
Прокурорлық сүйемелдеу барысында бақылау-қадағалау органдары жүргізген 6 заңсыз тексеру мен 3 әкімшілік айыппұлдың күші жойылды. Инвесторларға 4 жер учаскесі беріліп, электр желілеріне қосылуға 2 техникалық шарт рәсімделді. Әкімшілік кедергілерге жол берген 8 лауазымды тұлға тәртіптік, ал 10-ы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар 100-ге жуық инвестор Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізіліп, «прокурорлық сүзгі» сияқты қорғау тетіктерін қолдану мүмкіндігіне ие болды. Есепті кезеңде прокуратура инвесторларға қатысты 3 тексеруді, 10 әкімшілік хаттаманы және 11 шектеу шарасын келісуден бас тартты. Мемлекеттік органдар прокурормен келісілмей сотқа берілген 2 талап-арызды кері қайтарып алды.
Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.
В Атырау +29.1