Атырау, 30 шілде 14:19
 дождьВ Атырау +29.1
$ 477.17
€ 543.26
₽ 6.01

Құлсарыдағы суға не болды? Тұрғындар шағымдануда, билік бәрі талапқа сай дейді

87 рет қаралды

Құлсары тұрғындары ауыз судың сапасына әлі де шағымдануда. Олардың айтуынша, краннан сарғыш түсті, жағымсыз иісі бар су ағып тұр. Алайда билік оның санитарлық нормаларға сәйкес екенін мәлімдеуде.

Жалпы "Жылыойсу" МКК Құлсары қаласы мен Жаңа Қаратон кенті тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етеді. Қалада қысқа қарағанда жаз мезгілінде су беру көбейеді, мәселен, тәулігіне 9500-10000 текше метр босатады. 

Ал тұтынушылар тарапынан ауыз су жөнінде қоңыраулар жиі түсуіне байланысты аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың атына бірнеше сұрақтар жіберген болатынбыз. Көп кешікпей ауданнан  мынадай жауап келді:

«Құлсары қаласындағы су айдау станциясының (ВНС) су сақтау қазандарына су "Магистральды Су құбыры" ЖШС-не қарасты су тазарту станциясынан (ВОС) келеді. Бірақ соңғы кездері қала бойынша кейбір тұрғындар тарапынан судың түстілігінің өзгергендігі жөнінде шағымдар түсті. Сол себепті су сапасына қатысты шара алу мақсатында екі тараптан су қазандарын  жуу, тазалау жұмыстары  және көп қабатты тұрғын үйлердің жертөлелерінен сары суды линия бойынан ағызу жұмыстары жүргізілді. Соның арқасында қазіргі кезде су түсі ағарды. Қазіргі уақытта Магистральды су құбыры мекемесі тарапынан Қиғаш өзенінен келіп жатырған  техникалық суды толықтай тазартып фильтрдан өткізіп қадағалап отыр. Аудандық санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасы тарапынан ВОС және ВНС-тан алынған су анализі санитарлық нормативтерге сәйкес келеді».

Бірақ кейбір жергілікті тұрғындар аудан әкімі Қаражановтың пікірімен мүлдем келіспейді. 

Гүлнәр Адайбаева: 

- Дәл қазіргі уақытта балаларыма, немерелеріме суды дүкенннен сатып алып беріп отырмын. Түсі сап-сары судан солярканың, жалпы шіріген иіс шығады, май сияқты су. Кірді тұндырып жуамыз, ал аппақ кірлер сарғыш тартып шыға келеді. Балаларымыз мектепке барады, кірлерін қалай жуамыз, білмеймін. Біз таза су қашан ішеміз, проблема қашан шешіледі?

Гүлзада Қаратаева:

- 2024 жылы су тасқынынан бір айдан кейін ауыз суымыз бұзылды. Мен "Жетінші" ауылда тұрамын, линияны тексердік, себебін анықтауға тырысып көп іздендім. Біздің үйге келетін құбыр бойының суы таза шықты. Негізі линия бойы таза емес, ол қай жерде, соны анықтай алмай отырмыз. Бірақ бізге лас сапасыз су келуде. Күні бүгінде "Жылыойсу" мекемесінде мұның себебін анықтайтын маман да қалмады, ал кейінгі келгендер білмейді. Мен "Жылыойсу" МКК-ны сотқа бергім келген, қазіргі бастығының жазығы жоқ болғасын онымнан айныдым. Енді не істерге білмей отырмын. Сапасыз сап-сары, жағымсыз иісі бар су балаларымыздың ағзасын бүлдіріп жатыр, әсіресе, бөтекесіне кері әсер беретіні анық. Жалпы Құлсарыда суды тазартатын фильтр жоқ. 

Құлсарының кейбір тұрғындары таза су алып отырса, басқалары оның түсі мен иісіне әлі де шағымдануда. «АЖ» редакциясы қосымша сауалдарды «Магистральды су құбырына» ЖШС, «Жылыойсу» КМК-ға және Атырау облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолдады. Ресми жауаптар алынған соң, біз оларды жариялап, мәселенің неге тек қаланың бір бөлігін қамтып отырғанын анықтауды жалғастырамыз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

Бүгін, 13:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.