
Доссор және Мақат кенттері мен Сағыз ауылындағы күрделі жөндеуден өткен теміржол вокзалдары салтанатты түрде ашылды.
Ғимараттардың сыртқы келбеті мен ішкі инфрақұрылымы толық жаңартылып, күту залдары мен қызмет көрсету аймақтары заманауи талаптарға сай жабдықталды.
Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай, былтыр қыркүйектен бастап «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен Атырау облысының әкімдігі өңірдегі тоғыз теміржол вокзалын жөндеу және жаңғырту жұмыстарын бірлесіп жүзеге асырып келеді.
Бүгінде Аққыстау, Ганюшкин, Сағыз, Мақат және Доссор вокзалдары пайдалануға берілді.
Жамансор, Мұқыр және Исатай вокзалдарын тамыз айында, ал Атырау вокзалын қазан айында ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар Құлсары қаласындағы вокзалдың жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Жаңғырту жобаларының сапасын бақылау мақсатында арнайы «Вокзал шаруашылығын жаңғырту дирекциясы» құрылды. Дирекция құрылыс және жөндеу жұмыстарының белгіленген талаптарға сай орындалуын қадағалап, жобалардың сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар нысандардың техникалық жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіп, құрылыс барысын үйлестіреді.
Атырау облысы аумағында барлығы 16 теміржол вокзалы жұмыс істейді.
Бұған дейін ҚТЖ бұрынғы басшысы Атырау теміржол вокзалының жаңғырту жұмыстарының барысын сынаған еді.
В Атырау +29.1 















