Атырау, 29 шілде 17:53
 дождьВ Атырау +37.3
$ 476.75
€ 541.59
₽ 6.06

Болат Ақшолақов Атырау облысы жолдарының сапасын жөндеуді тапсырды

Сурет
74 рет қаралды
Сурет: Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Сурет: Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Атырау облысының автокөлік жолдарына кешенді аудит жүргізіледі. 

Мамандар жолдардың жағдайын, жөндеу жобаларының барысын, саланы қаржыландыру және жол құрылысының сапасын арттыру шараларын басты назарға алуы тиіс. 

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов аймақтың көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған жиында осындай тапсырма берді. 

Аймақ басшысы “Доссор – Құлсары” автокөлік жолының жағдайына да жеке тоқталып, тұрғындардың жолға қатысты шағымының 50%-дан астамы осы учаскеге қатысты екенін атап өтті. Сол себепті жол жөндеу жобасын ыждағаттап бастау үшін тиісті шаралар қабылдауды жүктеді.

Жедел шешімді қажет ететін мәселелер қатарында “Атырау – Индер” автожолының 117–167 шақырым аралығындағы жол құрылысының аяқсыз қалғаны бар. Жұмыстың тоқтауына өз міндеттемелерін орындай алмаған мердігер ұйыммен арадағы шарттың бұзылуы себеп болған. Сондай-ақ мердігер ұйымдардың осы уақытқа дейін істеген жұмысына төленетін берешекті реттеу керегі де айтылды.


Облыстағы жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 6 542 шақырымды құрайды. Былтыр 235 шақырым жол жөнделіп, нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 83%-ға жетті. 

Биыл 52 елді мекенде 82 жоба іске асырылуда, соның аясында 320 шақырымға жуық жолдың төсемесі жөнделеді. Көрсеткішті жыл аяғына дейін 86%-ға арттыру жоспарланған.

2027 жылы Атырау қаласының солтүстік айналма жолының және Аққыстау – Тұщықұдық ауылдарын айналып өтетін жолдың құрылысын аяқтау, “Атырау – Доссор” учаскесінің құрылысын бастау, “Құрманғазы” өткізу пунктін қайта жаңарту жұмыстарын жалғастыру жоспарланған.

Жұмысқа ҚазжолҒЗИ және басқа да бейінді ғылыми-зерттеу ұйымдары тартылады деп жоспарланып отыр. Олар техникалық аудит жүргізіп, қолданылатын материалдар мен инженерлік шешімдердің тиімділігін бағалауы, сондай-ақ технологияларды жетілдіру және жол жобаларының құнын оңтайландыру бойынша ұсыныстар беруі тиіс.

Сондай-ақ жол құрылысына топырақ тұрақтандырғыш, полимерлі материалдар және жол төсемесін ұзақ уақытқа жарамды ететін технологияларды қолдана отырып, тиімді конструктивті шешімдер енгізу керегін, мұның барлығы оңтайлы бағада болуы тиіс екенін де атап өтті өңір басшысы.

“Әрбір теңге тиімді жұмыс істеп, істелген жұмыстың сапасы тұрғындардың көңілінен шығуы тиіс” — деп қорытындылады Болат Ақшолақов.

Бүгін, 16:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.