
Қазақстанда еңбек күші жетіспейтін өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы жаңартылды.
Енді қатысушыларға экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі, оның ең жоғарғы мөлшері — 7 млн теңге (1625 АЕК). Бұл қаражат жаңа өңірде жеке баспана сатып алуға жұмсалады. Жаңартудың басты мақсаты — азаматтарға тек көшуге емес, жаңа жерде тұрақты өмір сүруге қолайлы жағдай жасау.
Мемлекеттік қолдау шаралары тұрғын үй сертификатымен шектелмейді. Қоныс аударушыларға көшуге арналған субсидия төленеді, жалға алу мен коммуналдық шығындар өтеледі, сондай-ақ жұмысқа орналасуға жан-жақты көмек көрсетіледі. Жаңа өңірге көшпей тұрып-ақ жұмыс табу мүмкіндігі бар: қабылдаушы аймақтарда бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылады.
Бағдарламаға қатысушылардың қатары да кеңейді. Бұрын ол негізінен жұмыссыздарға арналса, енді еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар мен шаруа/фермер қожалықтарының басшылары да мемлекеттік қолдауға ие бола алады.
Барлық қызметтер цифрлық форматқа көшірілді: өтінім беру, өңірлер картасын қарау, сұранысқа ие мамандықтар мен бос орындар тізімімен танысу migration.enbek.kz порталында қолжетімді.
2017 жылдан бері бағдарламаға 73,9 мың адам қатысып, олардың 31 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан
В Атырау +37.3