
Индер ауданы әкімшілік залында өткен қоғамдық кеңесте өзекті екі мәселе: «Атырау-Орал» республикалық маңызы бар автомобиль жолындағы орташа жөндеу жұмыстарының орындалу барысы және «Атырау-Индер» облыстық маңыздағы автожолындағы ауыр жүк көліктерінің қозғалысын реттеу мәселелері қаралды.
Атырау–Орал автомобиль жолы өңірдегі ең проблемалы бағыттардың бірі саналады. 20 жылдан бері жөндеу көрмеген жол әбден тозған, жыл сайын шұңқырларды бітегенімен, ол да сапасыз. Ескірген жолдың қиындығын жүргізушілер мен жолаушылар көруде. Соңғы жылдары бұл жолмен жүру қауіпті бола бастады, жасыратыны жоқ, жамау-жамау болған ойыс жолдар жұртшылықтың наразылығына тиіп болды.
Биыл өңір аумағындағы күре жолды орташа жөндеуден өткізу қолға алынып, жұмыс басталып кетті. Бұл жолдың жобасы 24,9 млрд теңгені құрайды. Атырау-Орал тас жолының жалпы ұзындығы 500 шақырымға жуықтаса, соның 184 шақырымы Атырау облысына тиесілі. Бұл жол облыстағы Махамбет, Индер аудандарынан өтіп, 10 елді мекенді қамтиды.
Жұмыс үш кезеңге жоспарланған. Бүгінгі таңда 95–189 шақырымы аралығындағы жол жөндеуі жүруде.
- Айта кету керек, орташа жөндеу жүргізіледі дегенмен бұл күрделі жөндеу жұмысына сай келеді. Орташа жөндеу жұмысы болуына байланысты айналма жол қарастырылмаған. Мердігер мекемелер өз есебі мен мүмкіндігіне қарай айналма жол салып, жүргізушілердің жол қауіпсіздігіне баса назар аударуда. Ал асфальтты қырып алған (фреза) қалдықтар жөндеу біткесін жолдың екі қапталына төселуі тиіс. Бірақ бұл да жетімсіз болуы мүмкін. Бұл жоба жұмысы норматив бойынша 28 айға қарастырылған. 500 мыңнан астам инерттік материалдар пайдаланылмақшы. Барынша мердігерлер жұмысын жеделдетіп, жол жабындысының бірінші қабатын бітіріп, қысқа дейін жолды ашпақ жоспарымыз бар, қалғаны келесі жылдың еншісіне тиеді. График бойынша жұмыс жасалуда. Ал Көктөғай мен Өрлік ауылдары арасындағы 20 шақырым жолды кейінге қалдырып отырмыз, – дейді «ҚазАвтоЖол» АҚ Атырау филиалының директоры Ардақ Қайреденов.
Бүгінде «АБК Автодор НС», «АстанаИнвестПроект», «Нұр Үміт», «СтройНордБилд», «Аркетон», «АРМ Констракшн», «АтырауИнжСтрой» ЖШС- лері жолды бөліп жұмыс жасауда, мерзімдері көрсетілген. Бірінші кезеңде жұмыс сәуірде басталып, қазанның ортасында аяқталуы тиіс. Қайреденов ауа райына байланысты жөндеу жүргізілетінін атап өтті, егер суық ерте түссе, онда жұмыс тоқтатылуы мүмкін.
Бүгінде жұртшылықты алаңдатып отырғаны – баламалы жолдың сапасы мен суды жиі себу.
Кейбір мердігерлер балама жол салмаған, болмаса тегістеліп жасалмағандықтан ой-шұқыры көп, шаңнан көрінбейді. Ал су себу мердігердің айтуы бойынша күніне төрт рет іске асуы тиіс.
- Бірақ біз оны көріп отырған жоқпыз, көз көрсетпес шаңнан жүру мүмкін емес, – дейді жұртшылық.
Мердігер «ИндерСу» КМК-нан қанша су алатынын да нақты айта алмады.
- Уақытша қиындық, жол қалыпқа келгенше түсіністік танытуларыңыз сұралады. Бұған дейін жол жоқ болды, реніш те, сын да айтылды, наразылық кездесті, енді қаржы бөліп жолды бастадық қой. Қазақстан бойынша негативі көп Атырау облысы болып отыр. Егер сұрақтарыңыз, проблемалар болса, менің телефоным бар, хабарласыңыздар, – деді Қайреденов.
Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Әсет Оразғалиев Батыс Қазақстан облысында жұмыстың қарқынды жүруі асфальттың беткі қабаты ғана алынып жасалғанын, жұмыстың жеңіл атқарылғанын, ал Атырау облысында жолдың негізгі бөлігі алынуына байланысты күрделілірек екенін атап өтті.
АТЫРАУ-ИНДЕР ЖОЛЫ: АУЫР ЖҮК КӨЛІКТЕРІНЕ ТЫЙЫМ БОЛА МА
Екінші мәселе – Атырау - Индер жолындағы ауыр жүк көліктерінің қозғалысын реттеу талқыланды.
Облыстық маңызы бар жолдың орташа жөндеуі өткен жылдан бері жүріп жатқанымен толық біткен жоқ.
- Енді жасалған жолды ауыр жүк көліктері бүлдіруде. Бұған дәлел фотоотчеттар жетерлік. Қаншама ескерттік, бірақ шығып жатқан нәтиже шамалы. Біз бұдан не ұтамыз, толық біткенше жолдың жартысы жарамсыз болады. Бұған қаншама қаржылар бөлінлэіп жатыр, бұған тиісті орындар көз жұмып неге қарауда, – дейді Байғали Утеманов, Байжан Шынғазиев.
Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының өкілі Әнуар Бисалиев екі жылжымалы көлік барын, оның бірі Атырау-Астрахан жолындағы Исатай ауданы Аққыстау ауылында тұрғанын, екіншісі облыстағы барлық аудандарға арналғанын айтып өтті.
Сонымен бірге Бесікті, Жарсуат және Индербор кентіне кіре беріс жолында автоматтандырылған өлшеу (салмақ) құралы бар.
Инспекция жыл басынан бері Атырау-Орал тас жолынан 300-ге жуық хаттама толтырып, айыппұл салынған. Бір аптаның ішінде Махамбет ауданы аумағында жеке көлік иелеріне 14 хаттама толтырылыпты.
Қоғамдық кеңес төрағасы Жамбыл Дауталиев инспекция тарпына сын айтты, мәселен төрт ай бұрын айтқан жолда қолданылатын фиксация неге қондырылмай отырғанын, ал тонналап жүк тиеген ауыр жүк көліктерінің бейберекетсіз жүріп жатқанын, тіпті екі есе көбейіп кеткенін, оны тоқтату мәселесін, миллиардтар салған жолдан айрылып қалу қаупі барын ашына жеткізді.
Және бұл жайлы бұрын айтылса да нақты шешім әлі күнге алынбаған. Жергілікті тұрғындар автоматтандырылған өлшеу құралынан өту кезінде ауыр салмақтағы жүк көліктері (салмағы ауыр жүкпен) қара жолмен немесе нөмірлерін алып тастау арқылы өтетінін жеткізді.
Ал мұны тексеріп жатқан орган жоқ. Сондай-ақ жүк салмағын өлшейтін жылжымалы көлікті кім әперуі тиіс.
Тұрғын Утеманов "онда жұртшылықтан ақша жинап алып берейік" деп мысқылдады.
Ауыр жүк көлігі қай жолмен жүруі тиіс, ол да нақтыланбаған.
Кеңес соңын қорытындылаған аудан әкімі Серік Нысанбаев Атырау-Орал жолының орташа жөндеуі қанағанттандырарлық деп баға бере отырып, белсенділер және аудан мамандарымен бірлескен жұмысшы тобын құрып, жолдың жөнделуін назарда ұстайтынын айтты.
Сондай-ақ облыс орталығына жүк тасымалдаушы карьер иелерімен бөлек жиын өтетінін, су бөлу мәселесін шешетінін атап өтті.
Еске салсақ, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында көлік құралдарының жүрісін уақытша шектеу туралы шешім шықты. Онда 17 шілдеден 31 тамыз аралығында таңертең сағат 10.00-ден кешкі 22.00-ге дейін жеке білікке (ось) түсетін салмақ жүктемесі 8 тоннадан артық тасымалданатын ірі көлемді және ауыр салмақты жүктердің, автокөлік құралдарының жүріп өтуіне шектеу енгізілсін делінген. Ал осы шешім қалай орындалып жатыр?
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор
В Атырау +37.3 










