
28 шілдеде Жапонияның Кумамото префектурасында алдын ала бағаланған магнитудасы 7,1 болатын қуатты жер сілкінісі болды.
Шамамен 300 мың тұрғынға эвакуациялық орталықтарға баруға нұсқау берілді, зардап шеккендер бар, болжам бойынша қаза тапқандар да бар.
Жер асты дүмпулері Кюсю аралында жергілікті уақыт бойынша 16:27-де тіркелген. Ошақ шамамен 10 шақырым тереңдікте орналасқан.
Reuters агенттігінің мәліметінше, ауруханалардың бірі 50-ден астам жәбірленушіні қабылдаған. Жоғары жылдамдықты пойызда жүрген бірнеше адам да жарақат алған.
Жер сілкінісінен кейін Aeon Mall сауда орталығының бір бөлігі құлаған. Ішінде адамдар қалып қойған. Полицияның хабарлауынша, олардың кейбіреуі қаза тапқан болуы мүмкін, алайда құрбандардың нақты саны әлі анықталған жоқ.
Өңірде жолдар, көпірлер мен ғимараттар зақымданған, теміржол қатынасы тоқтатылып, авиарейстер кейінге қалдырылған. Шамамен 48 мың үй жарықсыз қалды. TSMC, Sony және Fujifilm компаниялары өз кәсіпорындарындағы қызметкерлерін эвакуациялады.
Дүмпулерден кейін билік мүмкін цунами қаупі туралы ескерту жариялады, бірақ кейін оны алып тастады. Маңайдағы атом электр станцияларының жұмысында ақау тіркелмеген.
Құтқару жұмыстарына қатысу үшін билік 3,6 мың әскери қызметшіні жібермек. Жапонияның метеорологиялық агенттігі жойқын қайта дүмпулер бір апта бойы болып қалуы мүмкін екенін ескертті.
В Атырау +39.2