
Қазақстанда 2029 жылға қарай инженерлік желілер инфрақұрылымының тозу деңгейін орта есеппен 40%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.
Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев мәлімдеді.
Жаңғырту жұмыстары жылумен, электрмен, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы 247 табиғи монополия субъектісін қамтитын ұлттық жоба аясында жүзеге асырылуда.
2025–2029 жылдары жобаға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 13 трлн теңгені құрауы тиіс. Оның ішінде 6,8 трлн теңге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына, ал тағы 6,2 трлн теңге энергетика саласына бағытталады.
Осы қаражат есебінен 84 мың шақырым инженерлік желіні жөндеу және жаңғырту, 7 309 мегаватт жаңа қуат көздерін іске қосу, сондай-ақ энергия өндіретін 27 нысанды салу және реконструкциялау жоспарланған.
«Нәтижесінде ел бойынша инженерлік желілер инфрақұрылымының тозу деңгейі орта есеппен 40%-ға дейін, ал нысандардағы апаттылық деңгейі 25%-ға дейін төмендейді деп күтілуде», – деді Асан Дарбаев.
Сондай-ақ 2029 жылға дейін 70 коммуналдық кәсіпорынды тәуекелі жоғары аймақтан шығару жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, ұлттық жобаны 2026 жылы іске асыру үшін 625 млрд теңге көлемінде қарыз қаражатын тарту мақұлданды. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына бөлінетін қаржы көлемі 2025 жылмен салыстырғанда екі есеге ұлғайтылған.
Қаржыландыруды халықаралық қаржы институттарынан, қазақстандық банктерден және «Бәйтерек» холдингінен тарту көзделіп отыр. Асан Дарбаевтың айтуынша, ұзақ мерзімді әрі арзанырақ қарыздарды пайдалану олардың коммуналдық қызметтердің өзіндік құнына әсерін азайтуға мүмкіндік береді.
В Атырау +26.5