
Қайғылы оқиға мамыр айында Авангард-2 мөлтек ауданындағы үйлердің бірінің ауласында орын алған, бірақ анық мәліметтер сот үкімі шыққаннан кейін ғана белгілі болды.
4 мамыр күні кешке Авангард-2 мөлтек ауданындағы №3 үйдің жанында Toyota Alphard автокөлігі велосипед теуіп жүрген төрт жасар ұл баланы қағып кеткен.
Соққының қатты болғаны сонша, баланың жүрегі тоқтап қалған. Дәрігерлер оның жүрегін қайта соқтыра алғанымен, бүлдіршін реанимация бөлімінде бір айға жуық комада жатқан.
Сот-медициналық сараптамасына сәйкес, бала ашық бас-ми жарақатын, мидың ауыр зақымдануын, бас сүйегінің сынуын, мидың диффузды аксональды зақымдануын, қан құйылуды, екі өкпесінің зақымдануын, ұйқы безінің жарақатын, сондай-ақ беті мен қолдарының көптеген жыртылған жарақаттарын алған. Осы жарақаттардың барлығы денсаулыққа келтірілген ауыр зиян ретінде танылды.
Баланың әкесі сотта ұлының бір айдан кейін есін жиғанын, бірақ апаттың салдары әлі де ауыр екенін айтты.
— Қазір ұлым көрмейді, қолы жұмыс істемейді, бетіне операция жасау қажет. Шын мәнінде, ол төсекте жатқан сәби сияқты болып қалды, — деді ол.
Жүргізуші кінәсін толық мойындады. Оның айтуынша, ол аулаға бұрылған кезде бала кенеттен көліктің алдынан шыға келген. Оқиғадан кейін ол ата-анасымен бірге баланы облыстық балалар ауруханасына апарған.
Дегенмен, автотехникалық сараптама жүргізушінің қағып кетуден қашуға мүмкіндігі бар еді деген қорытындыға келді. Мамандардың айтуынша, тежегішті уақытылы басқанда, көлік бала қозғалған жерге дейін тоқтап үлгеретін еді.
Сот жүргізушіні жол жүрісі қағидаларын бұзып, баланың денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін айыпты деп таныды. Оған бір жылға бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, үш жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды және баланың әкесіне моральдық зиянды өтеу ретінде 10 млн теңге компенсация төлеуге міндеттелді.
Дегенмен, Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа байланысты ер адам жазасын өтеуден босатылды.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
В Атырау +39