
Ұлытау облысында жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілер жауапқа тартылды.
Полиция департаменті әлеуметтік желілерді бақылау барысында Жәйрем кентіндегі мейрамханалардың бірінде өткен үйлену тойына байланысты ұйымдастырылған автокөліктер колоннасының жол қозғалысы қағидаларын бұзғанын анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Тексеру нәтижесінде автоколоннаны ұйымдастырған азаматқа қатысты «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, жол ережесін өрескел бұзған 8 жүргізуші анықталып, олардың көліктері айыппұл тұрағына қойылды. Барлығы 22 әкімшілік хаттама рәсімделді.
Құжатталған құқық бұзушылықтарға қауіпсіздік белдігін тақпау, қарсы қозғалыс жолағына шығу, көлік құралын пайдалану талаптарын сақтамау, авариялық жағдай туғызу және жаяу жүргіншілердің құқықтарын бұзу сияқты әрекеттер кірді.
Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырып, үйлену тойы немесе басқа да салтанатты шаралар жолдағы тәртіпті бұзуға себеп бола алмайтынын ескертті. Әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жүргізіліп, әрбір заң бұзушылық дерегі бойынша тиісті шара қабылданатыны айтылды.
В Атырау +39