Атырау, 27 шілде 12:48
 дождьВ Атырау +36.2
$ 476.07
€ 541.86
₽ 6.08

​Құрманғазы ауданында өндірістік жарақат алған әкімдік қызметкеріне қатысты іс жабылды

49 рет қаралды

Төсекке таңылып жатқанына жыл жарым уақыт болған 63 жастағы ер адам әлі де әділдікке қол жеткіземін деп ойлайды, алайда тергеу амалдары тоқтатылған.

Құрманғазы ауданы әкімі аппаратында бірнеше жылдан бері аула сыпырушы болып еңбек ететін Сналбек Досщанов ағаш бұтағын кескен кезде құлап, ауыр жарақат салдарынан бірінші топтағы мүгедек болып қалды. 18 айдан бері төсекке таңылған ол кінәлілер анықталып, жауапкершілікке тартылса дейді.

Оқиға 2025 жылдың 21 қаңтар күні 15:32 шамасында болған. Досщановтың мәлімдеуінше бұрын тапсырылған (дәл ол күні емес) ағаш бұтағын арамен кесіп, төмен түсерде аяғы тайып кетіп, екі метрден астам биіктіктен құлаған. Ол есінен танып қалып, жамбасы мен беломыртқа сүйектері сынып зақым келген. Оны дереу жедел жәрдеммен аудандық ауруханаға жеткізген.

- Мен ол кезде ЦОН-да жұмыс жасайтын едім. Аудандық әкімшіліктің ғимараты жақын жерде орналасқан. Бірақ маған айтқан жоқ. Жолдасымның аудандық ауруханада жатқанын кейін естідім. Неге мені сол кезде шақырмады, нені жасырғысы келді, түсінбей-ақ қойдым, - дейді жолдасы Шолпан Жанғалиева.

Науқасының ауырлығына байланысты 24 қаңтар күні Досщановты облыстық ауруханаға жедел жәрдеммен апарады. Онда екі апта ем-дом жүргізіліп, 5 ақпан күні ота жасау үшін Астанаға санавиациямен ұшады. Астанада ота жасалып, поездбен апасы мен әйелі Досщановты облыстық ауруханаға жеткізеді. Досщановқа "Закрытый нестабильный вертикальный перелом костей по типу Мальгеня (62-С1.2 А0/ОТА): перелом лонной и седалищной кости с обеих сторон со смещением костных отломков, оскольчатый перелом крыла повздошной кости с переходом на дно вертлужной впадины со смещением костных отломков с центральным вывихом головки левой бедренной кости. Перелом боковой массы крестца слева по Denis 3 типу. Закрытый компрессионныи перелом тело L1 позвонка. Закрытый перелом S3 S4, S5 со смещением костных отломков" деген диагнозы қойылады.

Енді ғана 63 жасқа толып, 40 жылдық еңбегінің зейнетін көрем деп жүргенде бейнетке тап болған Сналбек Досщановтың қазіргі қалі өте мүшкіл. Ота жасалғанымен аяғынан тұрып кете алмады. 

Жұбайы Шолпан әділдік іздеп шырылдағанымен кінәліні тап басып анықтау қиынға соғуда. 2023 жылғы 4 қаңтардағы Құрманғазы аудандық әкімдігі аппаратымен болған еңбек шартында С. Досщановқа теректерді кесу, шөп шабу, қар күреу, т. б. міндеттері жатады деп көрсетілген. 

Ал осы оқиғадан кейін жасалған хаттамада С. Дощановқа 《ағаш бұтақтарын кесу күз, көктем айларында жүргізіледі, қыста кесуге не түрткі болды» деген сұраққа «себебі, септик соруға келетін машиналарға терек бұтақтары кедергі болып жүрді, әрі бір жүргізуші ескертті» деп жауап берген. Ол сонымен бірге басшылар тарапынан тапсырма берілгенін, бірақ дәл сол күні айтылмағанын айтқан. Бұл жазатайым оқиғаға байланысты жасалған актіде С.Досщановтың №1 ғимараттың артында өсіп тұрған ағаш бұтақтарын қол арбамен кесіп, аяғы тайып кетіп, 2 метрден астам биіктіктен құлағаны анық көрсетілген.

Тергеп-тексеру комиссиясының 2025 жылғы 11 наурыздағы №28 актісіне сәйкес, жұмысшы С.Досщановпен болған жазатайым оқиға ҚР Еңбек кодексінің 186 бабы 2 тармағының 2 тармақшасында көрсетілгендей өндіріспен байланысты деп танылады және есепке алынуға жатады, яғни жұмыс уақытында, жұмыс орнында болғаны анық жазылған. Сонымен бірге ақтіде жұмыс берушінің кінәсі 70 пайыз, жұмысшының кінәсі 30 пайыз деп көрсетілген. 

Осы факт бойынша Құрманғазы аудандық IIБ ҚР қылмыстық кодексінің 156 бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп, ҚР қылмыстық процестік кодексінің 35 бабы 1 тармағы 4 тармақшасы негізінде (қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өтуіне орай) тоқтатып тастайды.

Ш. Жанғалиева адвокат жалдағанымен ол істің ақырына шыдамапты. 

«АЖ» осы жайтқа байланысты аудан әкімі Абат Жанғалиевке бірнеше сұрақтар жіберген болатын. Кейін аудандық әкімдік берген жауапта Досщановқа оқиға болған күні және оның алдында басшылық тарапынан тапсырма берілмегені, сонымен бірге ұжым тарапынан 200 мың, бюджеттен 300 мың теңге материалдық көмек көрсетілгені, қажетті дәрі, дәрі-дәрмек, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілетін құрал (ходунок) алып берілгені атап көрсетіліпті.

- Осы жылдың 28 тамызында жолдасым С. Досщанов зейнет жасына шығады деп жүргенде өте ауыр жағдайға тап болып отыр. Жүгіріп жүрген адамның аяқ астынан жатып қалғаны өте ауыр. Ол бірінші топ мүгедегі атанды, жұмысымды өзертіп, бағып қағып отырмын. Кейде жұмыстан қолым тимей қалса, ұлымыз қарайды. Оқиға күндіз болған, оны жұмсамаса ағашқа шығып несі бар. Әкімдік неге жауапкершіліктен қашып отыр. Биік ағаш бұтағы арнайы көлікпен кесілмейтін бе еді, оның үстіне алпыс жастан асқан егде адамды жұмсауы қалай? ПБ істі неге қысқартып тастаған? Осы сұрақтарыма әлі күнге дейін жауап ала алмай келемін. Қайтадан аудандық полицияға арыз түсірдік. Енді оның жауабын күтіп отырмын. Біз қарапайым отбасымыз, танысымыз жоқ, қалай еткенде әділдік орнайды деп сенемін, -  дейді Ш. Жанғалиева. 

«АЖ» бұл мәселені алдағы уақытта да назарда ұстайды. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Бүгін, 11:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.