Атырау, 24 шілде 19:06
 дождьВ Атырау +37.3
$ 465.74
€ 531.08
₽ 5.92

Санкция қаупі: Қазақстандық зауыт ресейлік мұнайдан бас тарта ала ма?

124 рет қаралды

Қазақстандық мұнай-химия зауыты ресейлік мұнайға байланысты санкциялық тәуекелдерге тап болуы мүмкін.

Inbusiness.kz хабарлауынша, Павлодар мұнай-химия зауыты ресейлік шикізатты өңдегені үшін санкциялық қысымға ұшырауы ықтимал.

Бұған себеп – Еуроодақтың Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакеті аясында Грузиядағы Кулеви мұнай өңдеу зауытының тізімге енгізілуі. Осыдан кейін сарапшылар ресейлік мұнайды өңдейтін шетелдік кәсіпорындар үшін тәуекелдер қайта талқылана бастады.

Басылым атап өткендей, Павлодар зауыты тарихи тұрғыда Батыс Сібір мұнайын өңдеуге бейімделген. Шикізаттың негізгі бөлігі Ресейден магистральдық құбырлар арқылы жеткізіледі. 

Бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімдер аясында жүзеге асады, классикалық экспорт түрінде емес. Дегенмен санкциялық саясат тұрғысынан басты фактор – жеткізу тетігі емес, өңделетін мұнайдың шығу тегі болуы мүмкін.

Зауытты тікелей грузиндік кәсіпорынмен салыстыру жеңілдетілген тәсіл болар еді. Павлодар МӨЗ Қазақстанның ішкі мұнай өңдеу жүйесіне кіріктірілген және ең алдымен ішкі нарықты жанармаймен қамтамасыз етеді. Ол ресейлік мұнай саласына жатпайды және ресейлік өнімді сыртқа шығару арнасы ретінде құрылған жоқ.

Қазақстан ресми түрде батыс санкцияларына қосылмайды, бірақ оларды айналып өту алаңына айналмайтынын бірнеше рет мәлімдеген. Сарапшы Олжас Байдельдиновтің пікірінше, қазақстандық компанияларға қатысты санкциялар уақыт мәселесіне айналуы мүмкін, себебі Қазақстан мен Ресей сауда, энергетика, мұнай өнімдері, электр энергиясы және бірлескен жобаларда тығыз байланысты.

Мүмкін шешімдердің бірі – Павлодар зауытын қазақстандық мұнайға көшіру. Мұндай тәжірибе 2011 жылы болған: Ресейден рұқсат етілген көлем таусылғанда зауыт қазақстандық кен орындарының мұнайын өңдеген. Модернизациядан кейін кәсіпорынның технологиялық мүмкіндіктері кеңейді. 

Алайда шикізатты тез ауыстыру оңай емес, себебі әртүрлі мұнай сорттарының тығыздығы, күкірт мөлшері, қоспалары және өнім шығымы өзгеше. Бұл зауыт қондырғыларының жүктемесіне, өңдеу тереңдігіне, жеңіл мұнай өнімдерінің көлеміне және өзіндік құнына әсер етеді.

Сонымен қатар қазақстандық мұнайға көшу үшін ел ішіндегі жеткізу балансын қайта құру қажет болады. Басылымның бағалауынша, Қазақстан үшін басты мәселе – Павлодар зауыты санкциялық қысымға ұшырай ма, жоқ па ғана емес, сондай жағдай туындаса, ел мұнай жеткізу жүйесін тез қайта құруға дайын ба деген сұрақ.

Бүгін, 18:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.