
Қазақстанда IMEI-кодтарды тексеру жүйесіне қатысты даулы жағдай туралы Time.kz басылымы материал жариялады.
Онда елге әкелінген смартфондарды тексеру үшін төлем мөлшері 1 АЕК немесе 4325 теңге екені айтылған. Басылым дерегіне сәйкес, бұл төлем жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевтің бұйрығымен енгізілген.
Жиналған қаражат мемлекеттік бюджетке емес, жеке компания – ATS Mediafon KZ шотына түскені көрсетілген. Авторлардың айтуынша, компания процеске конкурссыз, тендерсіз, концессиясыз немесе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы іріктеусіз қосылған.
Материалда келісімшарт мемлекеттік радиожиілік қызметі мен жеке компания арасында жасалғаны жазылған. Бұған дейін ресми тұлғалар монополия жоқ екенін, ал жеткізушіні 2025 жылдың қаңтарында таңдағанын мәлімдеген. Басылым ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне де назар аударған.
Жүйе азаматтардың ЖСН, телефон нөмірі, IMEI және электронды қолтаңба деректерін өңдейтіні айтылып, бірақ оның қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайтын ашық деректер табылмағаны көрсетілген. Сонымен қатар kz-imei.kz порталының америкалық Cloudflare қызметі арқылы жұмыс істейтіні, ал мемлекеттік бөлігі жергілікті мекенжайдан істейтіні жазылған.
Авторлар компания атауы Литвадағы Mediafon Group брендімен ұқсас екенін атап өткен. IMLEX Қазақстан жүйені енгізушілер қатарында көрсетілген, ал мемлекеттік радиожиілік қызметі жобаның клиенті ретінде аталған.
Басылымның есебінше, ресми жарияланған 14,9 млн құрылғы тексеріліп, тариф 1 АЕК болған жағдайда жалпы сома шамамен 60 млрд теңге болуы мүмкін. Компания үш жыл бұрын тіркелген, 2023 және 2024 жылдары нөлдік салық көрсеткен, штатында небәрі бес адам болған.
Time.kz дерегіне сәйкес, оператордың шетелдік құрылымдармен Литва мен БАӘ-де байланысы болуы ықтимал. Осыған байланысты қаражаттың Қазақстанда қалуы немесе шетелге лицензиялық төлемдер, роялти не техникалық қолдау түрінде кетуі мүмкін деген сұрақ қойылған.
Басылым 2026 жылы IMEI-верификация функциялары мемлекетке берілгенін, ал оператордың есепшоттары мен көліктеріне арест қойылғанын және әкімшілік істер болғанын жазған.
Авторлар заңдық баға бермей, тек министрдің бұйрығымен енгізілген міндетті төлемнің заңдылығы мен жиналған қаражаттың қозғалысының ашықтығына қатысты мәселе көтерген.
В Атырау +37.1