
Қазақстан Ішкі істер министрлігінде Ресей азаматтарының ықтияр хат алуына қатысты жаңа деректер жарияланды.
NewTimes.kz басылымына министрлік ұсынған дерекке сәйкес, жыл басынан бері ықтияр хат алуға 2 897 ресейлік өтініш берген. Олардың басым бөлігі – 2 670 адамға рұқсат берілген, ал 227 адамға бас тартылған.
Ресейліктер көбіне Алматы мен Астанада тұрақтауды жөн көреді. Сонымен қатар Қарағанды, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында қоныстанғандар бар. Қазіргі уақытта көші-қон полициясында тағы 202 өтініш қаралуда, оның ішінде 128-і балаларға қатысты. Ықтияр хат рәсімдеу мерзімі 45 күнге дейін созылады.
Министрлік түсіндіргендей, бас тартуға негіз болатын 31 тармақ бар. Ең жиі кездесетін себептер – құжаттардың толық болмауы, тиісті мемлекеттік органдардың келісімін алмау және төлем қабілеттілігін растай алмау. Сонымен қатар үміткерлер міндетті түрде КАЗТЕСТ жүйесі бойынша қазақ тілінен сынақ тапсыруы тиіс.
2026 жылғы мамырдан бастап Қазақстанда ықтияр хат алу ережелері қатаңдатылды. Енді үміткерлердің банктік шотында кемінде 5 миллион теңге болуы қажет және мемлекеттік тілден күрделендірілген емтихан тапсыру міндеттелді.
В Атырау +37.1