
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Исатай ауданына жасаған жұмыс сапары барысында әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жағдайын тексерді.
Ол құрылысы тоқтап қалған нысандарды аралап, олардың мәселелерін шешу үшін нақты тапсырмалар берді.
Алдымен Аққыстау маңындағы өрт сөндіру депосына барған әкім бұл нысанның 2019 жылы басталып, 2021 жылы аяқталуы тиіс болғанын, бірақ мердігердің міндетін орындамауына байланысты үш жыл бойы тоқтап тұрғанын атап өтті. Ғимараттың іргетасы мен конструкциялары бүлінгендіктен, жобаны түзетуді жеделдетіп, жаңа мердігерді анықтау үшін конкурс жариялау қажет екені айтылды. Құрылысты 2027 жылы аяқтау жоспарлануда.
Әкім апатты деп танылған үш қабатты тұрғын үйлердің жағдайымен де танысты. Техникалық тексеріс олардың іргетасы дұрыс қаланбағанын, көтергіш конструкцияларға зиян келгенін көрсетті. Бұл үйлерді пайдалану мүмкін емес болғандықтан, оларды бұзып, жаңа кешен салу тапсырылды. Болат Ақшолақов тұрғындардың қауіпсіздігі бірінші орында екенін баса айтты.
Сапар барысында ол 1970 жылдан бері жұмыс істеп тұрған су тазарту қондырғыларын көрді. Қазіргі жобаның сараптамадан өтпегеніне байланысты жаңа нұсқа әзірленіп жатыр. Жоба іске асса, Аққыстау сапалы ауызсумен толық қамтылмақ. Сонымен қатар, Нарын, Жанбай, Зинеден және Исатай ауылдарын орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Аққыстаудағы ішкі жолдарды қайта жаңарту жұмыстары да тоқтап қалған. 2021 жылы басталған жоба мердігердің міндетін орындамауына байланысты келісімшарттың бұзылуымен аяқталды. Қазіргі уақытта сот процестері жүріп жатыр.
Әкім теміржол вокзалының жаңартылғанын да көрді. Вокзал заманауи стандарттарға сәйкестендіріліп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасалған.
Кәріз жүйесі бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталған. Әкім нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.
Жанбай ауылындағы электр желісінде апатты бағаналар анықталып, қысқа дейін оларды ауыстыру міндеттелді. Әкім аудан басшылығына қаржыландыру көздерін анықтап, елді мекендерді үздіксіз электрмен қамтуды тапсырды.
Сапар қорытындысында Болат Ақшолақов әлеуметтік маңызы бар жобалардың іске асырылуы жеке бақылауында екенін айтты. Ол әр проблемалы нысан бойынша нақты шешім қабылдап, жұмыс мерзімін белгілеуді және орындалуын қатаң бақылауды жүктеді. Әкім техникалық шешімдерге талдау жасап, жаңа жобаларда мұндай жағдайға жол бермеуді тапсырды.
В Атырау +35.7 








