
Алматыда ондаған отбасы қиын жағдайға тап болды: адамдар таунхаустарға 40–70 миллион теңге төлеп, қымбат жөндеу жасатқан. Алайда кейін баспананың өздеріне тиесілі емес екенін білген. Алаяқ құрылыс салушы үйлерді жасырын түрде басқа адамдарға сатып, банкке кепілге қойған.
КТК телеарнасының хабарлауынша, зардап шеккендер бес жыл бұрын құрылыс басталған кезде баспана сатып алып, жинақтарын салып, несие рәсімдеген. Барлығы 28 отбасы зардап шеккен. Кейбірі пәтер кілтін алып, қоныстанып та үлгерген.
«Пәтерді 70 миллион теңгеге қолма-қол сатып алдық. Кейін менің пәтерімді басқа адамға сатып жіберген. Маған пәтерімді қайтарыңдар!» – дейді тұрғын Әсем Төлеубаева.
Тағы бір тұрғын Бағдагүл Әжіғалиева Оралдағы жалғыз үйін сатып, Алматыдан 52 миллион теңгеге таунхаус алған. Ал қарапайым әрлеудегі пәтердің жөндеуіне тағы 30 миллион теңге жұмсаған.
«Пәтерімнің жаңа “иесімен” сөйлестім. Ол жұмыссыз, тіпті бұл таунхаустың қайда екенін де білмейді. Оның атына біздің тұрғын үй кешенінен төрт пәтер рәсімделіп, бәрі банкке кепілге қойылған», – дейді Бағдагүл.
Баспанаға қолжетімділікті жоғалтпау үшін тұрғындар аяқталмаған кешенге өз бетінше қоныстанған. Коммуналдық желілерді де өздері тартқан. Бірақ су мен жарыққа заңды тұлғаларға арналған коммерциялық тарифпен ақы төлеп отыр.
«Қыста ай сайынғы коммуналдық төлемдер 250–300 мың теңгеге дейін жетті», – дейді үлескер Тахмина Асанова.
Заңгерлердің айтуынша, тұрғындар қол қойған құжаттар тек алдын ала келісімшарт болғандықтан, олардың заң жүзінде меншік құқығы жоқ.
Адвокат Анар Катебаеваның сөзінше, құрылыс салушы нысанды 2023 жылдың желтоқсанында пайдалануға бергенімен, оны сатып алушылардан жасырған. Кейін пәтерлерді үшінші тұлғалардың атына рәсімдеп, банкке кепілге қойған. Қазір 22 пәтер банктің кепілінде тұр.
Алданған тұрғындар құқық қорғау органдарына шағым түсірді. Алматы полициясы аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Құрылыс компаниясының үш басшысы мен қызметкері күдікті деп танылып, сот санкциясымен қамауға алынды. Кінәсі дәлелденсе, оларды мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.
В Атырау +28.6