
Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайды өлтiруге қатысты резонанстық істі қарау басталды. Айпталушы Шерхан Аймахан алғаш рет сотқа өзі келді — ол сырқаттануына байланысты өткен отырысқа қатыса алмаған болатын, деп хабарлайды nur.kz.
Алдын ала тыңдау барысында прокурор Мадияр Әбілқасымов үш эпизодтан тұратын айыптау актісін оқыды. Одан трагедия мен оның алдында болған оқиғалардың сұмдық жағдайлары белгілі болды.
Мемлекеттік айыптаудың мәліметінше, Аймахан бойжеткенді өткен жылдың қазан айынан бастап үздіксіз аңдып жүрген.
«Күдікті Серікбайдың соңынан түсіп, көздегеніне жете алмаған соң, аз уақыт ішінде оған 70 рет қоңырау шалған. Осыдан кейін Нұрай нөмірін ауыстырған. Онымен байланыса алмаған Аймахан бойжеткен Алматыға оқуға кетті деп шешіп, бірден оның жалдамалы пәтеріне барған», — деп мәлімдеді сотта прокурор.
Шабуылдың хронологиясы
Қайғылы оқиға болған күні айыпталушы қаруды алдын ала дайындаған. Ол өзінің автокөлігінен қара пышақты алып, қалтасына салып, Нұрай дүкенге шыққан кезде оны қарсы алған. Бойжеткен онымен бірге саябаққа барудан бас тартып, үйіне қарай беттеген.
Нұрай Төлеметов көшесіндегі көпқабатты үйлердің арасынан өтіп бара жатқанда, Аймахан пышағын алып, алғашқы 5–6 соққыны жасаған. Кездейсоқ өтіп бара жатқан куәгерді байқап, ол әуелі қашып кетпек болған, бірақ кейін «ойын аяғына дейін жеткізу үшін» қайта оралған.
«Куәгердің көзінше ол жерде жатқан бойжеткенге жалпы жиынтығы 35 рет пышақ сұққан: оның 9-ы тесіп-бойлаған, тағы 24-і тесіп-кесілген жарақат. Көп қан жоғалтып Нұрай Серікбай оқиға орнында көз жұмды», — деп оқыды мемлекеттік айыптаушы.
Тікелей эфир болмайды
Сот процестен онлайн-трансляция жүргізбеу туралы шешім қабылдады. Судья мұның куәгерлердің жауап алу алдында бір-бірінің куәліктерін естіп қоймауы үшін қажет екенін түсіндірді. Тағы бір айта кетерлігі, іс алқабилердің қатысуынсыз қаралады.
Негізгі сот талқылауы 2026 жылдың 28 шілдесінде сағат 10:00-де басталады. Отырыстар аптасына екі рет өтеді. Алдағы отырыстардың бірінде сот куәгерлерден жауап алуға кіріседі.
Бұл трагедия несімен белгілі
21 жастағы Нұрай Серікбай 11 қаңтарда кешке Шымкентте қатыгездікпен өтірілген. Шабуыл бейнебақылау камераларына түсіп қалған: кадрлардан бойжеткеннің қорғанып, қашуға тырысқаны, бірақ шабуылшының оны соққыға жығып, бірнеше рет пышақ сұққаны көрінеді.
Күдікті — марқұмның танысы, оның жақындары оны сталкер деп атаған — қаладан 10 шақырым жердегі ашық алаңда ұсталды. Көктемде ол Талғардағы психологиялық-психиатриялық сараптамаға жіберілген болатын: мамандар оны есі дұрыс деп таныды, осыдан кейін ол Шымкенттің тергеу изоляторына қайтарылды.
В Атырау +28.6