
Екі танкер дрондар шабуылынан кейін Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалына мұнай тиеу үшін жақындай алмады, деп хабарлайды Reuters үш дереккөзге сілтеме жасап.
Олардың мәліметінше, HERA және ALATAU танкерлері тиісінше «Лукойл» мен «ҚазМұнайГаздың» шикізатын қабылдауы керек болған.
Шабуылдан кейін HERA зақым алды. ALATAU соққыға ұшырамағанымен, теңіздегі ұшқышсыз катерлер оны бағытын өзгертуге мәжбүр етті.
LSEG кемелерді бақылау жүйесі HERA-ның бейсенбі күні таңертең Новороссийск маңында болуы тиіс екенін көрсеткен. Алайда 20 шілдеде Босфордан шығып, Қара теңізге өткен соң ол транспондерін өшірген.
ALATAU 19 шілдеде КҚК терминалына тиеуге бет алған, бірақ кейін бағытын Стамбулға бұрып, транспондерін ажыратқан.
SEA AMBER және DELTA IOS атты тағы екі танкер де бейсенбі күні таңертең бағытын өзгертіп, КҚК терминалына барудың орнына Түркия жағалауына кеткен.
Reuters дерегінше, спутниктік суреттер бейсенбі күні таңертең КҚК терминалында бірде-бір танкер болмағанын көрсеткен.
Жалпы шілде айында Новороссийск маңындағы Оңтүстік Озереевкадағы КҚК теңіз терминалында бес танкер дрондар шабуылына ұшыраған. 20 шілдеде КҚК шикізат тиеуді уақытша тоқтатқанын хабарлады.
Бұған дейін Қазақстан Энергетика министрлігі теңіз терминалындағы тиеу операцияларының уақытша тоқтатылғанын және тәуліктік мұнай өндірудің бақыланған түрде азайтылғанын растаған.
В Атырау +35