
Күші жойылған келісімшарт жаңа «Атырау» арнайы экономикалық аймақты (АЭА) абаттандыруға байланысты.
Бұл арнайы экономикалық аймақ өткен жылдың желтоқсанында Үкімет қаулысымен құрылған. Билік оны өңірге «жарқын болашақ» әкелетін, серпінді жоба ретінде бірнеше рет таныстырған еді.
«Атырау» АЭА 2036 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі мерзімге құрылған. Оның негізгі міндеттері – заманауи жоғары технологиялық өндірістерді жедел дамыту, өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инвестиция тарту және жаңа технологияларды енгізу арқылы жұмыс орындарын көбейту, сондай-ақ сапалы жаңа қызмет түрлерін қалыптастыру.
2036 жылға дейінгі даму жоспары бойынша «Атырау» АЭА-ға 320 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Сонымен қатар, 410 млрд теңге көлемінде тауар мен қызмет өндірісін қамтамасыз ету, 70 қатысушыдан тұратын қауымдастық құру және есептерде тағы да әдемі көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарланған.
Алайда осындай ауқымды әрі амбициялы жобаны жүзеге асыру оғаштау басталды.
«Атырау» АЭА аумағы қаланың шетінде, Геолог ықшамауданында, Атырау – Доссор автожолының бойында орналасқан. 400 гектар жерді қамтитын бұл аумақта ең алдымен барлық инженерлік коммуникациялар мен көлік инфрақұрылымын жобалап, соны салу қажет.
Осы жұмыстарға арналған тендерді Атырау облысының мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы өткізді. Тендер тапсырыс берушісі – квазимемлекеттік секторға жататын, АЭА операторы болған «Atyrau Innovations» ЖШС. Құрылыс құны аз емес – 84,3 млрд теңге. Бұл сома Қазақстандағы кейбір қалалардың жылдық бюджетімен шамалас.
Осындай ірі бюджетке ие болу құқығы үшін тендерге екі компания қатысқан: «Alem Qurylys AQ» ЖШС-ін ашық дереккөздерде елдегі ең бай кәсіпкерлердің бірі Айдын Рахымбаевпен (BI Group холдингінің негізін қалаушы) байланыстырады және «Integra Construction KZ» ЖШС - тағы бір қазақстандық долларлық миллионер – Шахмұрат Мүтәліпке тиесілі делінеді.
«Alem Qurylys AQ» ЖШС тендердің жеңімпазы ретінде жарияланды. Алайда арада екі апта өтпей жатып, осы компаниямен жасалған миллиардтаған соманың келісімшарты бұзылды.
Бұл сирек кездесетін жағдайдың себебін анықтауға тырысқан тілшіңіз әкімдіктің түсініксіз әрекеттеріне тап болды. Ақпарат беруден бас тартқан облыс әкімдігі ашықтық танытпай, журналистің сауалына жауап бермей қойды.
Екі мекеме – мемлекеттік сатып алу басқармасы мен кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы («Atyrau Innovations» ЖШС-нің құрылтайшысы) бір ай бойы редакцияның жазбаша сауалын бір біріне жолдап, қайсысы баспасөзге жауап беруі тиіс екенін анықтай алмай, шенеуніктер уақыт созумен болды.
Ақыры жауап беру міндетін мемлекеттік сатып алу басқармасы өз мойнына алды. Кәсіпкерлік басқармасының қарсылығын еңсергеннен кейін, 17 маусым күні редакцияға ресми хат келіп түсті. Бұл күн облыс әкімі Серік Шәпкеновтің отставкаға кеткені жарияланған күнмен дәлме-дәл сәйкес келген еді. Кездейсоқтық па, әлде жоқ па – ол жағы белгісіз.
Кәсіпкерлік басқармасының хатына сүйенсек, тендердің жеңімпазымен жасалған келісімшарт біржақты түрде бұзылған. Бұған себеп – «Atyrau Innovations» ЖШС-нің таратылуы. Компанияның барлық функциялары енді 15 маусымдағы облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес тікелей басқармаға берілген.

Ең ірі құрылыс нарығы ойыншылары қатысқан тендерден кейін «Атырау» АЭА оператор-компаниясының осылай күтпеген жерден таратылу себептері туралы ресми түрде ешқандай ақпарат берілмеген. Жаңа конкурс өткізілетіні де әзірге белгісіз.
Хронологиясына қарасақ, жағдай шынымен қызық көрінеді: 3 маусымда тендердің нәтижелері жарияланды, 10 маусымда келісімшарт жасалды, ал небәрі бес күннен кейін тапсырыс беруші компания таратылып, келісімшарт бұзылды.
Қарапайым тұрғындар үшін қай компания миллиардтаған бюджет қаржысын игереді деген мәселе аса маңызды емес. Олар үшін ең бастысы – нақты нәтиженің қашан көрінетіні.
Ал әзірге тендер өткізуден бастап келісімшартты бұзуға дейінгі жылдамдық көзге түсіп отыр. Бұл – жаңа жобаның ең «айқын» жетістігі болып тұр.
Дегенмен, ресми мерзімдерге қарасақ, 2036 жылға дейін уақыт жеткілікті. Сондықтан бұл оқиғаның ең қызықты есебі алда болуы мүмкін.
Лев ГУЗИКОВ
В Атырау +36.4