Атырау, 23 шілде 17:11
 дождьВ Атырау +36.4
$ 467.65
€ 533.26
₽ 5.96

Түркістанда жалған мал несиесіне қатысты 27 адам сотталды

48 рет қаралды

Түркістан облысында агробизнесті дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Свидетель.kz

Өңірлік Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2016–2021 жылдары «Яссы-Несие» кредиттік серіктестігінің басшылығы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған.

Қаражат агробизнесті қолдау және ірі қара мал сатып алуға арналған «Сыбаға» бағдарламасы аясында бөлінген.

Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер жалған шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерді бөтен адамдардың атына тіркеген. Несие өтінімдеріне қолдан жасалған бизнес-жоспарлар, құқық белгілейтін құжаттар және жоқ кепіл мүлкі туралы мәліметтер тіркелген.

Тергеу анықтағандай, мұндай мүлікті бағалау актілері Expert Consulting Group деген жоқ компанияның атынан рәсімделген.

Несие мамандары жалған құжаттар, несие қорытындылары, тексеру актілері мен қаражаттың мақсатты пайдаланылғанын растайтын құжаттарды дайындаған. Бағалаушылар мүлік туралы жалған есептер жасап, нотариустар сыйақы үшін кепілге қатысты жалған құжаттарды куәландырған.

Тергеу мәліметінше, схеманы мемлекеттік несие беру өтінімдерін қарайтын комиссия төрағасы ұйымдастырған. Ол жалған құжат рәсімдейтін адамдарды тауып, қатысушылардың рөлін бөліп, несие төлемдерін бақылап, бұрмаланған салыстыру актілерін жасауға қатысқан.

Іс бойынша 33 қылмыстық құқық бұзушылық, 24 жалған несие және 54 жоқ кепіл нысаны анықталған.

Мемлекетке келтірілген шығын 3 млрд теңгеден асты. Оның 1,9 млрд теңгесі жалған кепілдерге қатысты эпизодтарға тиесілі.

Іс бойынша 27 адам сотқа тартылды. Олардың 1 млрд теңгеден астам мүлкіне тыйым салынды.

Сот үкімімен мемлекет кірісіне 19 тұрғын үй, 10 жер учаскесі, екі пәтер, төрт коммерциялық нысан және төрт автокөлік тәркіленді.

Айыпталушылардың әрқайсысына қылмыстағы рөліне қарай 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Айта кетейік, 2023 жылдың мамырында Аграрлық несие корпорациясының Түркістан филиалы ғимараты алдына жиналған шаруалар тұрғын үй құжаттарын қайтаруды талап еткен болатын. Олардың айтуынша, адал несие алушылардың бір бөлігі де серіктестіктердің қарызы мен делдал ұйымдардың шоттары бұғатталуына байланысты қиындықтарға тап болған.

Бүгін, 16:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.