
"Атырау-Орал" тас жолының бойындағы Индербор кентіне кіре беріс (бұрылыс) 7 км жол өткен жолы біткендей болып еді. Асфальт толық төселіп, арнайы жол сызықтары сызылды. Бір жылдан кейін жолда жамау-жасқау жұмысы жүрді.
Бұдан кейін индерліктер жол сапасының төмендігін сынға алды.
«Асфалттың әр жерін кесіп тастап жамады. Осыған қарап жолдың қаншалықты жасалғанын көруге болар еді. Мердігер өз қаржысымен ақаулықтарды қалпына келтірер, кепілдік мерзімдері біткенше неше рет жамар екен. Жалпы жол жөндеушілер сапаны ұмытқан ба»,-дейді "АЖ" оқырмандары.

Анықталғандай, жолшылар нысанды қабылдау кезінде шыққан ақауларды қалпына келтіріп жатыр.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиевтің айтуынша, тексеруден кейін мамандар жолдың төсеу кезіндегі кемшіліктерді, сондай-ақ асфальт-бетон бетінде жарықтарды анықтаған. Барлық кемшіліктер жойылғанға дейін нысан қабылданбайтын болды.
- Негізі бұл жол жұмысы 2025 жылы аяқталған еді. Бірақ кейін кемшіліктер анықталып, ескерту беріп, орындамайынша қабылдамадық. Соларды толықтай қалпына келтіріп, нормативке сәйкес келгеннен кейін біз обьектіні қабылдап алатын боламыз. Жалпы жолдың кепілдік мерзімі 5-7 жыл. Осы жылдар ішінде жолдың жауапкершілігі мердігердің мойнында болады, - деп хабарлады Оразғалиев
Бұдан әрі Оразғалиев 7 км жолды жыл соңына дейін қабылдап алатынын айтты.
Еске сала кетсек, 2024 жылы су тасқыны кезінде 7 км жолдың біраз бөлігі су астында қалды. Бұған дейін де бұл жолдың көрер сиқы қалмай, быт-шыты шығып жатқан болатын. Оның үстіне су басқаннан көп жері бүлініп, жарамсыз болып қалған. Ақырсында жөндеу жұмысы басталды.Орташа жөндеу жұмысы жобасына 550 млн теңге қаралып, ""КазСервисГрупп" ЖШС 2025 жылы 1 су өткізгіш, 4 дана мал өткелін жасады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сурет пен видеоны түсірген автор
В Атырау +36.4