
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды оңалту жүйесін жаңа деңгейге көтеретін алғашқы мемлекеттік жеке ортездер өндірісін іске қосу жоспарлануда.
Жобаны іске асыру перспективаларын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығына барып бағалады.
Орталықтың бас директоры Сырым Нәси министрге еліміздегі алғашқы мемлекеттік ортездерді модельдеу және өндіру зертханасының жобасын таныстырды. Зертхананы 2026 жылғы 1 қазанда іске қосу жоспарланып отыр.
Зертхана заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып, жеке ортездерді жобалау мен дайындаудың толық циклін қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта мұндай бұйымдарды негізінен жекеменшік ұйымдар шығарады, ал олардың бағасы көптеген азаматтар үшін қолжетімсіз. Мемлекеттік зертхананың ашылуы жоғары технологиялық ортездермен азаматтарды мемлекет есебінен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, мүгедектіктің алдын алуға бағытталған ерте оңалту шараларының тиімділігін арттырады.
2026 жылдың соңына дейін 500 жеке ортез, 2027 жылы – 1 мың, ал 2028 жылы – 1,5 мың бұйым дайындау жоспарланған. Осылайша, алдағы үш жылда шамамен 3 мың азамат заманауи ортездермен қамтамасыз етіледі.
«Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы заманауи оңалту технологияларын енгізетін жетекші ғылыми-практикалық алаңға айналуы тиіс. Сондықтан ортездерді модельдеу және өндіру зертханасын уақытылы іске қосуды, оңалту үдерістерін одан әрі цифрландыруды және кохлеарлық имплантациядан кейінгі балалардың есту-сөйлеу оңалту жүйесін дамытуды қамтамасыз ету маңызды», – деді Асқарбек Ертаев.
Жұмыс сапары барысында министр кохлеарлық имплантациядан кейінгі балалардың есту-сөйлеу оңалту бөлімінің жұмысымен де танысты. Мұнда балалардың қайта естіп, сөйлеуді үйренуіне және қоғамға толыққанды бейімделуіне жан-жақты көмек көрсетіледі.
Сондай-ақ министрге орталықтың протездік-ортопедиялық көмекті дамыту бағытындағы жұмысының нәтижелері таныстырылды. Мемлекеттік тапсырма аясында мұнда жыл сайын шамамен 250 жоғары технологиялық бұйым дайындалып, жаңа технологиялық үдерістің жеті түріне дейін әзірленеді.
В Атырау +36.4