
Ресейде дрон шабуылдары Wildberries маркетплейсін дамытатын RWB компаниясының бірқатар логистикалық нысандарына әсер етті.
«Коммерсантъ» басылымының жазуынша, зақымданған қоймалар аумағы 552 мың шаршы метрді құрайды. Бұл компанияның бүкіл логистикалық инфрақұрылымының шамамен 10%-ы. Әңгіме Мәскеу облысындағы Электросталь, Тамбов облысындағы Котовск, Краснодар және Ставрополь өлкесіндегі Невинномысск кешендері туралы болып отыр. Сонымен қатар Коледино кешенінің қызметкерлері зымыран қаупіне байланысты эвакуацияланған.
Толық қалпына келтіруді төрт нысан қажет етуі мүмкін. Ал Коледино кешені жұмысын жалғастырып жатыр, Котовскідегі қойма жақын арада қайта ашылады деп жоспарлануда. Осылайша, уақытша 444 мың шаршы метр қойма алаңы істен шығуы ықтимал. Бұл Wildberries логистикалық қуатының шамамен 8%-ы.
Жылжымайтын мүлік нарығы сарапшылары мұндай көлемдегі қоймаларды қайта салу құнын жабдықсыз есептегенде 35,5 млрд рубльге бағалады. Ал Remain компаниясының сарапшысы Александр Федоров өрттен зардап шеккен Wildberries қоймаларының құнын 60 млрд рубль деп есептеді.
Мамандардың пікірінше, логистикалық қуаттың қысқаруы жеткізу мерзіміне, тауар қорын бөлуге және маршруттық желінің тұрақтылығына әсер етуі мүмкін. Шешім ретінде компания тауар ағындарын басқа өңірлерге бағыттауы ықтимал. Wildberries Поволжье, Орал және Сібір қоймаларын белсендірек пайдалануы, сондай-ақ кейбір тапсырыстарды тікелей сатушылардың қоймаларынан жіберу моделін кеңейтуі мүмкін.
Қазақстандағы сатып алушылар үшін бұл кейбір тауар санаттарының жеткізілу мерзімінің ұзарып кетуіне, тапсырыстарды беру уақыттарының өзгеруіне немесе уақытша ассортименттің азаюына әкелуі ықтимал.
Қазақстандық сатушылар үшін де тәуекелдер бар: егер маркетплейс тауар ағындарын қайта бөлсе, қабылдау және жеткізу мерзімдері, сондай-ақ сұрыптау орталықтарына түсетін жүктеме өзгеруі мүмкін. Wildberries-тің Қазақстанға арналған нұсқаулығында сатушылар қоймалар мен сұрыптау орталықтары арқылы жұмыс істейтіні, ал FBW моделінде маркетплейс сақтау, жинақтау, жеткізу және қайтаруды өңдеуді өз мойнына алатыны көрсетілген.
В Атырау +36.4