
Әлеуметтік желіде Атырауда түсірілді деп айтылған бейнежазба тарады. Кадрларда екі полиция қызметкері ер адамды қол-аяғынан ұстап көтеріп әкетіп бара жатыр.
Жазба авторы оны облыстық наркологиялық орталыққа жеткізгенін хабарлады.
Видео сол бойда үлкен қоғамдық резонанс тудырды. Кейбір пайдаланушылар полиция қызметкерлерінің бұл әрекетін шектен шығу деп санап, мұндай тасымалдау әдісі заңнама талаптары мен қызметтік нұсқаулықтарға сәйкес келе ме деген сұрақ қойды. Ал басқалары, егер ер адам қатты мас күйде болып, өздігінен жүре алмаса, полиция қызметкерлері оны медициналық мекемеге жеткізу үшін осылай әрекет етуге мәжбүр болған деп есептейді.
Жарияланған кадрларда ер адам аса бір қарсылық көрсетпейді, бірақ өз бетінше де жүре алмайды. Бұл ретте тек видеоның өзінен оқиғаның алдында не болғанын, оның не себепті ұсталғанын және қандай күйде болғанын анықтау қиын. Оқиғаның басы кадрға түспегендіктен, тек осы жазбаға қарап қызметкерлердің әрекеті қаншалықты заңды екенін нақты бағалау мүмкін емес.
Видео пайда болғаннан кейін редакция болған оқиға туралы мәлімет алу үшін Атырау облысының Полиция департаментіне хабарласты.
Полицияның мәліметінше, оқиға 20 шілдеде болған. Ведомство дерегінше, полиция бөліміне мас күйде отбасылық жанжал шығарып, құқық бұзушылық жасаған екі ер адам жеткізілген.
Полиция департаментінің ақпараты бойынша, оқиға орнына келген патрульдік полиция қызметкерлері қарсылыққа тап болған. Ер адамдар полицейлердің заңды талаптарын орындаудан бас тартып, олардың қызметтік міндеттерін атқаруына қарсылық көрсеткен.
— Жанжалға қатысушылардың біріне қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік өндіріс қозғалды. Бұдан бөлек, ол полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деп хабарлады Полиция департаментінен.
Екінші ер адам медициналық куәландыруға жіберілді. Мамандардың қорытындысына сәйкес, ол есірткілік мас күйде болған. Оған қатысты да әкімшілік материал толтырылды.
Барлық процестік құжаттар рәсімделгеннен кейін материалдар сотқа жолданды.
Полицияның хабарлауынша, сот қаулысымен ер адамдардың біріне 5 тәулікке, ал екіншісіне 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.
Айгүл МАНСҰРОВА
В Атырау +33.4