
Солтүстік Қазақстан облысының Бескөл ауылында жедел жәрдем фельдшерлері чечил ірімшігіне шашалып, клиникалық өлім жағдайында жатқан 50 жастағы ер адамды аман алып қалды.
Облыстық жедел медициналық көмек орталығының мәліметінше, 103 пультіне «ер адам демала алмай жатыр» деген шұғыл шақырту түскен. Оқиға орнына фельдшерлер Айдар Омаров, Павел Кузурман және жүргізуші Бақыт Валеев құрамындағы бригада дереу жеткен.
Мамандар келгенде науқастың жүрегі тоқтап, ЭКГ мониторында тамыр соғысы мүлдем байқалмаған.
Құтқару операциясы қалай өтті?
Медиктер халықаралық ACLS стандарты бойынша реанимацияны бастап, жүрекке массаж жасап, өкпені жасанды желдетуге қосты.
Тікелей ларингоскопия жасау кезінде тыныс жолдарында тұрып қалған бөгде зат – чечил ірімшігі табылған.
Затты сыртқа шығарған соң науқастың жүрегі қайта соққанымен, ол есін жимай, өздігінен тыныс ала алмаған.
Бригада мүшелері интубация жасап, дәрі-дәрмек егу арқылы реанимацияны жалғастырды.
Ауруханаға жеткізілетін жолда науқас өздігінен тыныс ала бастады. Қазір ол Қызылжар аудандық ауруханасында емделіп жатыр, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Адам өмірін аман алып қалған фельдшер Айдар Омаров — 2025 жылы Ақтауда өткен жедел жәрдем бригадаларының республикалық чемпионатының жүлдегері. Ал Павел Кузурман — BLS, ACLS халықаралық стандарттары бойынша бірнеше рет даярлықтан өткен жоғары білікті маман.
В Атырау +24.7