Атырау, 23 шілде 10:34
 дождьВ Атырау +24.7
$ 467.65
€ 533.26
₽ 5.96

​Ақшолақов Ломоносов атындағы мектептің құрылысын 2027 жылдың 1 шілдесіне дейін аяқтауды тапсырды​

Сурет
79 рет қаралды

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов өңірде салынып жатқан екі мектептің құрылысымен танысты. 

Алдымен өңір басшысы Еркінқала-2 ауылында салынып жатқан 600 орындық мектепке барды. Нысанды «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС салып жатыр. Үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы — шамамен 10 мың шаршы метр. Жобада мектепте заманауи оқу кабинеттері, кітапхана, 210 орындық асхана, екі спорт залы және акт залы қарастырылған.

Мердігер ұйымның мәліметінше, құрылыс-монтаж жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталған. Қазіргі таңда мектеп аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейінгі тексеру барысында бірқатар оқу кабинетінен анықталған кемшіліктер мердігердің өз қаражаты есебінен толықтай жойылды. Мектепті жаңа оқу жылының басында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жаңа білім беру нысаны оқушы орындарының тапшылығын азайтып, мектептердің жүктемесін жеңілдетуге және Еркінқала мен Еркінқала-2 ауылдарындағы үш ауысымды оқыту мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді.

Өңір басшысы қалған жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын тапсырды.

Одан кейін Болат Ақшолақов Балықшы шағынауданында салынатын 900 орындық Ломоносов атындағы орта мектептің жобасымен танысты. Жоба аясында жалпы аумағы шамамен 10 мың шаршы метр болатын үш қабатты ғимарат бой көтереді. Онда заманауи оқу кабинеттері, зертханалар, спорт залдары және білім беру процесіне қажетті қосымша бөлмелер қарастырылған.

Мердігер ұйымның мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта жобалық және рұқсат алу құжаттарын рәсімдеу жұмыстары аяқтала келді. Тамызда жер телімін құрылысқа дайындауды бастау, ал қыркүйекте негізгі құрылыс-монтаж жұмыстарына кірісу жоспарланған.

Жобаның жүзеге асуына жер телімін рәсімдеу үдерісінің ұзаққа созылуы себеп болған. Құрылыс алаңын дайындау үшін жылжымайтын мүліктерге бағалау жүргізіліп, меншік иелерімен келіссөздер ұйымдастырылды, өтемақы төленді. Кейбір жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алу мәселесі сот тәртібімен шешілген.

– Аудандағы қазақ және орыс тілінде білім беретін сыныптарға деген нақты қажеттілікке жан-жақты талдау жүргізу қажет. Шағынаудан тұрғындарынан жұмыстың баяу жүріп жатқаны жөнінде шағым түсіп жатыр. Сондықтан барлық ұйымдастыру жұмыстарын жедел аяқтап, құрылыс қарқынын күшейту қажет. Мектеп 2027 жылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға берілуі тиіс. Сонымен қатар құрылыс сапасы мен мектепті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аудару керек. Бұл жобаның іске асырылуы менің жеке бақылауымда болады, – деді Болат Ақшолақов.

Бүгін, 09:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.