Атырау, 23 шілде 10:34
 дождьВ Атырау +24.7
$ 467.65
€ 533.26
₽ 5.96

​Ақшолақов облыстық аурухананың жаңа ғимаратының құрылысын өз бақылауына алды

Сурет
93 рет қаралды
Сурет: облыс әкімінің баспасөз қызметі
Сурет: облыс әкімінің баспасөз қызметі

Атырауда облыстық аурухананың 200 орындық жаңа корпусының құрылысы жалғасып жатыр.

Облыс әкімі Болат Ақшолақовқа құрылыс жұмыстарының барысы таныстырылдлы. Сонымен қатар ескі ғимараттарға жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары туралы баяндалды. 

2024 жылы басталған құрылыстың бас мердігері – «ҚазЕуроҚұрылыс» ЖШС. Қазір жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізіліп жатыр. Құрылыстың дайындық деңгейі – 50 пайыз. Бұған қоса, сыртқы инженерлік желілерге қатысты жобалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Жобаны іске асыру мерзімінің ұзаруына бастапқы жобалық-сметалық құжаттаманың қайта қаралуы себеп болған. Құжаттаманы зерделеу барысында инженерлік шешімдерге, желдету жүйесіне, оттегімен қамтамасыз ететін орталықтандырылған жүйеге, сондай-ақ қазіргі заманғы медициналық мекемелерге қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін бірқатар функционалдық бөлмеге қатысты ескерту берілген.

Болат Ақшолақов жобаны әрі қарай уақтылы іске асыру үшін дер кезінде тиісті шешім қабылдауды тапсырды.

«Басталған құрылыс қалай болғанда да аяқталуы тиіс. Бұл – өңірдегі денсаулық сақтау саласы үшін аса маңызды нысанның бірі. Жұмыс ұзаққа созылып, тұрғындар соның кесірінен медициналық көмекті әр жерден алуға мәжбүр. Жобалық шешімдер заманауи талаптарға толық сәйкес болуы қажет. Қажет болған жағдайда құрылыс жұмыстарының түрлерін қайта қарап, анықталған кемшіліктің барлығын ескеріп, жобалық-сметалық құжаттаманы мейлінше тезірек түзетіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу қажет. Жұмысты бұдан әрі созуға болмайды», – деді Болат Ақшолақов.

Сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым мәселелері де талқыланды. Өңір басшысы нысанның негізгі инженерлік жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін резервтік қуат көздерін қарастыруды тапсырды.

Айта кетейік, Атырау облыстық ауруханасы 1967, 1998 және 2002 жылдары салынған үш ғимараттан тұрады. Күрделі жөндеу жұмыстары медициналық қызмет көрсетуді тоқтатпай, кезең-кезеңімен жүргізілуде.

Аурухананың бірқатар бөлімшесі уақытша Сарыөзек ауылындағы модульдік инфекциялық ауруханаға көшірілген. Ал негізгі ғимаратта инсульт орталығы, травматология, нейрохирургия, хирургия бөлімдері мен сәулелік диагностика қызметі жұмысын істеп тұр.

Бүгін, 09:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.