
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мемлекеттік құқықтық саясаттың басым бағыты болып қала береді.
Конституцияға сәйкес адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық саналады. Бұл туралы Есіл ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Мадиар Оразақ елордада өткен брифингте айтты.
Прокурордың айтуынша, отбасы – қоғамның негізі, алайда тұрмыстық жанжалдар құқық бұзушылықтарға жиі себеп болады. Мұндай салада денсаулыққа зиян келтіру, азаптау, сталкинг және кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндетін орындамау сияқты қылмыстар орын алады.
Ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтың бірі – ұрып-соғу. Қылмыстық кодекстің 109-1-бабына сәйкес, денсаулыққа жеңіл зиян келтірмесе де, дене ауырсынуын тудыратын күш қолдану әрекеттері үшін айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстар немесе 30–50 тәулікке дейінгі қамақ жазасы қарастырылған. Мысалы, қызғаныштан туындаған жанжал кезінде жұбайына дене жарақатын келтірген қала тұрғынына сот 40 сағат қоғамдық жұмыс тағайындаған.
2025 жылғы 16 шілдеден бастап Қылмыстық кодексте сталкинг үшін жауаптылық енгізілді (115-1-бап). Сталкинг – адамның еркіне қарсы байланыс орнату немесе аңдуға бағытталған заңсыз қудалау. Бұл үшін айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейінгі қамақ жазасы көзделген. Практикада мұндай істер тіркеліп жатыр: бұрынғы жұбайын жүйелі түрде қудалаған азаматқа қатысты іс қозғалып, кейін сотта тоқтатылған.
Мемлекет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға ерекше көңіл бөледі. Әлеуметтік қауіпті жағдайда тұрған отбасыларды анықтау, көмек көрсету және профилактикалық шаралар жүргізу бойынша жүйелі жұмыс атқарылуда.
Прокурордың айтуынша, басты мақсат – кінәлілерді жазалау ғана емес, ең алдымен зорлық-зомбылықтың алдын алу, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отбасы институтын нығайту.
«Көмекке дер кезінде жүгіну, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне қағидатты құқықтық баға беру және профилактикалық жұмыстар жүргізу құқық бұзушылық деңгейін төмендетіп, отбасының әрбір мүшесі үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Мадиар Оразақ.
В Атырау +34.5