
2026 жылғы 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада дәстүрлі спорт пен киберспортты ұштастыратын халықаралық мультиспорттық «Болашақ ойындары – 2026» турнирі өтеді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
12 күн бойы әлемнің 50 елінен келген 800-ден астам спортшы мен клуб 8 дисциплина бойынша сынға түседі. Жалпы жүлде қоры — 4,75 миллион АҚШ доллары.
Қазақстан атынан турнирге ұлттық іріктеуден өткен 11 команда қатысып, Team Spirit, T1, Team Falcons, Boca Juniors сияқты әлемдік клубтармен кездеседі.
Қазақстан намысын қорғайтын командалар:
Tactical Shooter (PUBG): DIGA Esports — Еуропадағы ірі турнирлерге қатысып жүрген жетекші ұйымдардың бірі;
Tactical Shooter (CS): NOVAQ (негізін Major турнирінің екі дүркін чемпионы Дәурен «AdreN» Қыстаубаев қалаған) және жас ойыншылардан құралған Team KZ;
MOBA PC & MOBA Mobile: Rune Eaters — The International, Riyadh Masters турнирлерінің тәжірибелі қатысушылары және Alaman League жеңімпаздары;
Фиджитал баскетбол: «Болашақ ойындары – 2025» қола жүлдегері PBC Astana және GTB KZ командасы;
Фиджитал футбол: ACF x Allur мен UEL Team;
Phygital Fighting: Future Nomads (құрамында ММА-дан әлем және Азия чемпиондары бар);
Фиджитал би: Ұлттық іріктеу жеңімпазы Гүлназ Аманғали.
Жарыс өтетін орындар: Турнир бәсекелері елорданың төрт спорт кешенінде ұйымдастырылады: «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені, Ж. Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Beeline Arena» Ұлттық теннис орталығы және «Барыс Арена» мұз сарайы.
В Атырау +34.5 






