
Атырауда 160 адам мемлекеттік қайтарымсыз грант алды.
Биыл Атырау облысында 330 адамға қайтарымсыз мемлекеттік грант беру жоспарланған. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 570,9 млн теңге бөлінген.
Қайтарымсыз мемлекеттік грант жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған. Ол халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға беріледі. Атап айтқанда, мүгедектігі бар адамдарға, «қандас» мәртебесі бар азаматтарға, өңіраралық қоныс аударушыларға, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың мүшелеріне, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға (қамқоршыларға), асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушыларға.
Грант қаражаты кәсіп ашуға немесе қолданыстағы істі кеңейтуге қажетті құрал-жабдық, еңбек құралдары, технологиялық жабдықтар, мал, құс және көшет сатып алуға жұмсалады. Ал тұрғын үй сатып алуға, жер телімін алуға, тұтынушылық мақсаттарға немесе несие өтеуге пайдалануға болмайды.
Мемлекеттік гранттар жылына екі кезең бойынша ұсынылады. Бірінші кезеңде 24 маусым мен 8 шілде аралығында өтінімдер қабылданып, комиссияның шешімімен 160 азаматқа 400 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлеміндегі мемлекеттік грант берілді.
Екінші кезеңдегі өтінім қабылдау қыркүйек–қазан айларына жоспарланған.
Өткен жылы Атырау облысында 291 адам жалпы сомасы 449 млн теңге көлеміндегі қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды.
В Атырау +34.5