
Атырау қаласының шекарасы едәуір кеңейеді. Қаланың Бас жоспарына енгізілетін өзгерістерге сәйкес, оның аумағы 45 871 гектардан 56 400 гектарға дейін — бірден 10,5 мың гектарға ұлғаяды.
Жергілікті әкімшіліктің хабарлауынша, жер көлемінің ұлғаюы жаңа тұрғын үйлер салуға, көлік желісін дамытуға және инженерлік инфрақұрылым жүргізуге мүмкіндік береді.
Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар
Өңірде құрылыс қарқынының өсуі тіркеліп отыр. Жыл басынан бері Атырау облысында 264,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (өткен жылғы деңгейге қарағанда 102,7 пайыз). Халықтың әлеуметтік осал тобына жататын отбасылар үшін 205 пәтер сатып алынды.
Сонымен қатар өңірде әлеуметтік инфрақұрылым белсенді түрде салынып жатыр:
Білім беру: Жыл басынан бері 5 жаңа мектеп ашылды. Жыл соңына дейін тағы 6 мектеп пен жанынан салынатын 6 жапсарлас құрылысты іске қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ 440 орындық екі балабақша мен екі өнер мектебі салынды (тағы 7 балабақшаның құрылысы жүріп жатыр).
Медицина: Нұрсая және Өркен ықшамаудандарында жаңа емханалар мен амбулаториялар бой көтеріп келеді. Қазір жедел жәрдем станциясы, радиологиялық корпус және облыстық онкологиялық диспансер құрылысы жүріп жатыр.
Спорт және мәдениет: 6 Мәдениет үйі мен 9 спорт кешені пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, 12 мың орындық жаңа стадион жобасы және жұмыс істеп тұрған «Мұнайшы» стадионын жаңғырту жұмыстары басталды.
Өзен арналарын тазалау және тасқыннан қорғау
Өңірдің экологиялық қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлініп келеді. Жыл басынан бері Жайық, Қиғаш және Жем өзендерінде, сондай-ақ негізгі магистральдық арналарда түбін тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өзен арналарын тазалау су тасқыны тәуекелін азайтуға, өзендердің су өткізу қабілетін арттыруға және өңірдің балық шаруашылығын қолдауға мүмкіндік береді.
В Атырау +31