Атырау, 22 шілде 17:40
 дождьВ Атырау +34.1
$ 469.59
€ 536.22
₽ 5.96

Елтайдағы саябақ құрылысы бітпей қалуы мүмкін

66 рет қаралды

Индер ауданының Елтай ауылындағы саябақты ашу үшін жұмыстың 5%-ы ғана қалды. Алайда, дәл осы соңғы пайыздар нысан құрылысына бірнеше жылдан бері нүкте қоюға мүмкіндік бермей келеді.

"АЖ" поштасына Индер ауданы Елтай ауылындағы аумағы 20 гектарды құрайтын саябақтың қашан пайдалануға берілетіні жөнінде тұрғындардан қоңыраулар жиі түседі.  

393 млн теңге тұратын саябақ құрылысы 2023 жылдың жазында басталғанымен әлі бітетін түрі көрінбейді. Құрылысты тапсыру мерзімі өтіп кеткен. Мердігер мен тапсырысшының арасындағы соттасулар да уақыттың ұзаққа созылуына себеп болған еді. 

Тапсырысшы, Елтай ауылдық округі мердігер "ГрадСтройСервис" ЖШС-мен жұмыстың 95 пайызы атқарылғаннан кейін келісім шартты біржақты бұзып тастаған. ЖШС аз ғана қалған жұмысты аяқтауға шамасы жетпей қалды.  Бейресми ақпаратқа сенсек, ЖШС банкорттықтың кебін киген. 

- Жаз болса осы саябақ қашан пайдалануға берілер екен деп елеңдейміз. Үш жыл болды, не бітпеді, не қоймады, шыдамымыз таусылды, - дейді шарасыздықпен елтайлықтар. 

Тұрғындардың сауалына орай аудандық әкімшілікке хабарласқанбыз. 

- Енді қалғаны бес пайыз жұмыс. Оған 20 млн қаражат керек еді, соны аудан бюджетінен бөлдік. Енді конкурс өткізіп, мердігерді анықтайтын боламыз. Оған кемінде екі ай уақыт кетеді, жыл соңына дейін саябақты пайдалануға бергіміз келіп отыр, - деп хабарлады Индер ауданының әкімі Серік Нысанбаев.  

Іс жүзінде, соңғы бес пайыздық жұмыс үшін ғана құрылысты қайтадан басынан бастауға тура келеді. Тіпті байқау ешқандай кешігусіз өткеннің өзінде, Елтай тұрғындарына әлі кем дегенде бірнеше ай күтуге тура келеді. Бұл жолғы берілген уәденің соңғысы болар-болмасы осы жылдың аяғында белгілі болады. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

Бүгін, 16:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.